Жемқорлар өзінің отбасына «қара дақ» қалдырып отыр - Шпекбаевтың көмекшісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа барғандардың отбасы мүшелері зардап шегеді. Бұл туралы елорда әкімдігінде «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне арналған кеңесте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік төрағасының көмекшісі Хаким Күшқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәселен, бөлім басшысы орынбасарының не істеп жатқанын немесе басқарма басшысы қарамағындағы қызметкерлердің теріс әрекеттерін білмеуі мүмкін емес. Біз тек факті бойынша қарастырамыз. Қылмыс орын алса, онда оған әрекет етуге тиістіміз. Мемлекеттік мекеме мен органдағы сыбайлас жемқорлық қылмысын төтенше жағдай ретінде бағалау керек. Түрлі дәрежедегі басшылар бағынышты қызметкерлердің жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жекелей жауапты болады», - деп тоқталды ол.

Хаким Күшқалиевтің сөзіне қарағанда, осы жылдан бастап алдын алу шараларына екпін қою мақсатында жазалау іс-қимылдары төмендетіліп келеді.

«Бұл - сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары азайып жатқанды білдірмейді. Мемлекетке осы қылмыстар үшін сотталғандарды абақтыда ұстау экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Атап айтқанда, 400 мың, 50 мың, 10 мың сомасында пара алып ұсталғандар бар. Осы қылмыстар үшін айыптылар 5-7 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. Алайда сотталғандарды ұстау мемлекет үшін қымбатқа түседі. Жыл ішінде сотталған бір адамға мемлекет 1 млн теңгеден астам қаржы жұмсайды. Негізі, бұл қомақты қаржы қолдауды қажет ететін әлеуметтік жобаларға жұмсалғаны дұрыс болар еді», - деді ол.

Х. Күшқалиев мемлекеттік қызметшілердің заңсыз іс-қимылдарынан туындайтын кері салдарға тоқталды.

«Жемқорлық қылмысына барған адамдардың отбасы, бала-шағасы неге зардап шегуі керек? Бұл адамдар қылмыс жасау арқылы өзінің отбасына «қара дақ» қалдырып отыр. Ол өзіне ғана емес, сонымен қатар балаларының болашағына залалын келтіреді. Себебі мемлекеттік қызметке келер алдында үнемі ата-аналары, олардың мәліметтері мен соттылығы атап көрсетіледі», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар