Желтоқсанда «Астана» ХҚО тәуелсіз сотының құрамы жарияланады

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - 2017 жылдың желтоқсан айында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы тәуелсіз сотының құрамы белгілі болады. Аталған орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов қай елден судьялар шақырылатынын, сонымен бірге еліміздегі қандай университеттерден кадрлар даярланатынын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біз «100 нақты қадам» бойынша бес институционалдық бағдарламаның бөлігі болып есептелеміз. Атап айтқанда, 71-ші қадамда ағылшын құқықты базада шетелдік судьяларды тарту арқылы тәуелсіз сот құру туралы айтылады. Өздеріңіз түсінетіндей, ағылшын құқығы бойынша судьялармен жұмыс жүргізу үшін 20-30 жылдай тәжірибе керек. Мұндай адамдарды Қазақстанда бірден табу өте қиын. Сондықтан, алғашқы 5-10 жылда біз белсенді түрде Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай, Абу-Даби, Катар, АҚШ сынды елдерден судьяларды тартамыз», - дейді Қайрат Келімбетов.

Оның айтуынша, аталған бағытта жұмыс басталып кеткен.

«Халықаралық тұсаукесер кезінде біз қаржы орталығының тәуелсіз сотының құрамын жария етеміз деген ойдамын. Екінші жағынан, біз Таяу Шығыстағы елдердің тәжірибесінен гөрі жергілікті кадрларға баса маңыз беруді ойлап отырмыз. Демек, «Болашақ» секілді бағдарламалармен оқып келген немесе Назарбаев университетін бітірген біздің дарынды жастарымызға иек артқанымыз дұрыс», - дейді ол.

Қайрат Келімбетов кадрлардың даярлықтан өтетінін, содан кейін олар біздің елдегі немесе әлемдегі жетекші инвестициялық институттардан тәжірибеден өтеді. Сонымен бірге, орталық басқарушысы неліктен ағылшын құқықты жүйе енгізіліп жатқаны туралы айтып өтті.

«Ағылшын құқықты жүйе не үшін таңдалғанын сұрап жатады. Әлемдік қаржы орталығының 90 проценті осы жүйе бойынша жұмыс жүргізеді. Сіз сол орталықтардың тізімін көріңіз. Нью-Йорк, Лондон, Сингапур, Гонконг секілді негізгі қаржы орталықтары ағылшын құқықты жүйе бойынша жұмыс атқарады», - деп түйді сөзін Қайрат Келімбетов.

Соңғы жаңалықтар