Жекешелендірудің машақаты: «Самұрық-Қазына» кімнің мүддесін көздейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында бірқатар бизнесмендердің арыздары қаралды. Соның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры аясындағы компанияларды жекешелендіруге қатысты дау-дамай да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жекешелендіру науқаны аясында «Кан Групп» компаниясы «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «ФН-Менеджмент» ЖШС-нің 51 пайыздық үлесін сатып алса да, әлі күнге дейін сан алуан әкімшілік кедергілерге тап болып келеді.

«Біріншіден, жекешелендіру процесінің өзі ұзаққа созылып кетті. Алты ай бойы біз ары-бері шапқылап, құжат тасумен болдық. Енді, биылғы бюджетті бекіте алмай жатырмыз. Себебі шығын жағынан келіспеушіліктер бар. Қор өз пайдасын еселеп алғысы келеді. Оны дивидентпен де алуға болатын еді. Соған қарамастан, қор компанияның операциялық қызметіне араласып отыр. Соның салдарынан құрылтайшылар («Кан Групп» ЖШС - 51 пайыз және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ - 49 пайыз) арасында тағы да келіспеушіліктер басталды. Шынымды айтсам, қормен серіктес ретінде жұмыс істейміз бе деп ойлағанмын. Алайда біз жасаған даму жоспарын олар өздері қабылдамай қойды. Меніңше, бұл жерде біреудің жеке мүддесі тұр. Соның салдарынан екі жақ та шығынға батып келеді», - дейді «Кан Групп» ЖШС бас директоры Қайрат Айбосынов.

Бүгінгі кеңестің отырысына екінші құрылтайшы - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ өкілі де қатысты. Осы компанияның басқарушы директоры Тимур Қалдыбаевтың айтуынша, бүгінде сенімді басқаруға берілген «ФН-Менеджмент» ЖШС-на тиесілі барлық нысандар бойынша ақша төленіп келеді.

«Ол жағынан қор өз міндетін толығымен орындап келеді. Ал операциялық жұмысқа араласу мәселесіне келер болсақ, жаңа жарлықта екі жақтың барлық міндеттері айқын жазылған. Сондықтан компания оған араласа алмайды. Ал, енді, пәтер иеленушілер кооперативі мен сол тұрғын үйлерге қызмет көрсету мәселесіне келгенде бірқатар мәселелер туындады. Пәтер жалдаушылардың тарапынан арыз-шағымдар болса, біз ең алдымен солардың құқықтарын қорғаймыз», - дейді Қалдыбаев.

Осы мәселені кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов түйіндеді. «Мен құқық қорғау органдары саласында үлкен тәжірибесі бар адам ретінде айтайын, дәл қазір сіз бәрін шаруашылық саласындағы мәселелерге жауып отырсыз. Алайда нысанды жекешелендіруге беру керек. Бұл - Президенттің саясаты, жеке өзі берген тапсырма. Иә, сіздер осы жұмысты бастадыңыз, бірақ тағы бір компанияны тықпалап жатқан көрінесіз. Міне, дәл осы жымысқы әрекетті тергеушілер дәлелдеп берсе, Әкімшілік кодекс бойынша емес, Қылмыстық кодекс бойынша жауап беруге тура келеді. Себебі ол аса ірі көлемде алаяқтық жасау болып саналады», - деп атап көрсетті Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар