Жекешелендіру: Жұманғарин жаңа 168 кәсіпорынның қайдан шыққанын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин жекешелендіруге жататын 168 жаңа кәсіпорынның қалай және не үшін құрылғанын түсіндіріп берді деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, аталған нысандар өткен жылғы инвентаризация кезінде құрылған болатын.

«Бас кезінде жекешелендірудің кешенді жоспарында 780 компания болды. Өткен жылы біз түгендеу шараларын өткіздік. Соның нәтижесінде тағы 140 компанияны анықтадық. Оларды тізімге қостық. Бұдан бөлек, қосымша 28 компания құрылды. Өйткені біз кейбір компанияларды бөліп тастадық. Олай сатуға ыңғайлы. Мәселен, біз теміржолдың апаттық медицина госпитальдарын бөліп тастадық. Енді, әрбір аймақта бөлек-бөлек госпиталь бар. Осы жолмен жекешелендіріп алуға жеңіл», - деді С.Жұманғарин бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы аясында мемлекеттік органдарға қарасты мекемелер тағы бір түгендеуден өтпек. Соның нәтижесінде жекешелендірудің кешенді жоспарына жаңа кәсіпорындар қосылуы әбден мүмкін. Негізгі мақсат - мемлекеттік органдарға қарасты компанияларды сатуды ыңғайлы әрі тиімді ету. «Инвентаризация шаралары жекешелендіруге кедергі жасамайды. Сауда-саттық өз жолымен жүре береді. Біз болсақ, түгендеуді жасап, жекешелендіру жоспарына қосымша нысандарды қосатын боламыз. Қазір компаниялардың жалпы саны - 902. Алдағы уақытта 1000-нан асатын шығар», - деп атап көрсетті С.Жұманғарин.

Айта кетейік, Үкіметтің соңғы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жекешелендіру жоспарына жаңа 168 кәсіпорынның қалай қосылғанын түсіндіре алмады. Сол үшін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтан сөз естіді. 

Соңғы жаңалықтар