Жекешелендіру: Қанша кәсіпорын сатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендіру шаралары бойынша есеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзіне қарағанда, жекешелендірудің кешенді жоспары 904 нысанды қамтиды. «Аталған нысандардың 876-сы туралы толық ақпарат gosreestr.kz сайтына шығарылды. Бұл тізімге қайта құрылатын және қайта тіркеуден өтетін 28 республикалық меншік нысаны енгізілген жоқ. Олар - апаттар медицинасы және теміржол госпитальдары. Бірақ Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, аталған акционерлік қоғамдар қайта құрылуға жатады», - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов.

Оның мәліметіне сәйкес, екі жылдың ішінде кешенді жоспарға кіретін 476 кәсіпорын сауда-саттыққа шығарылып, 367-сі сатылды. Одан түскен қаржының көлемі 164 млрд теңгені құрады. «Бұдан басқа, 255 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Жалпы, қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды есепке алғанда жекешелендіру бойынша кешенді жоспардың орындалуы 71 процент деңгейінде», - дейді Қаржы министрі.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жекешелендіруден түскен қыруар қаржыны Ұлттық қорға уақытында аударуды тапсырды.  Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов инвентаризациядан кейін жаңа кәсіпорындардың саңырауқұлақтай қаптап кететіні үшін сөз естіді. 

Соңғы жаңалықтар