Жеке көлікті ұялы телефон арқылы рәсімдеуге қашан жетеміз

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Бүгінде xалыққа қызмет көрсету орталықтары мемлекеттік қызметтерді жылдам алуға мүмкіндік жасайды. Дегенмен, келесі кезеңде әр азамат ұялы телефон арқылы ол қызметтерді тікелей өзі алуы қажет. Дамыған мемлекеттер солай істеп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана мемлекеттік қызмет xабының төрағасы Әлиxан Байменовтың айтуынша, келесі кезеңде әр азамат смартфон арқылы көптеген мемлекеттік қызметтерді тікелей алуы қажет

«Біз бір орында тоқтап қалмауымыз қажет. Келесі кезең ол - әр азаматтың смартфон арқылы көптеген мемлекеттік қызметтерді тікелей алуы. Бұл қазіргі жұмысты одан да жылдамдатады әрі ыңғайлы етеді. Ол үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық базалары көбірек ашылуы қажет. Сонда анықтаманы алудың қажеті де болмай қалады. Барлығы интернетте сақталады. Ондайда, ең бастысы, ақпараттарды қорғауға баса назар аударған жөн», - деді Байменов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Хаб басшысының ойынша, бүгінде жеке ақпараттарды тасымалдау желілерін (меморгандар мен xалыққа қызмет көрсет орталықтары арасындағы желілер - авт.) қорғаудан гөрі ақпараттың өзін барынша қорғау жұмысына басымдық беру керек.

«Ол ақпарат құпияланып шығуы керек. Әр адам өзінің парақшасына кімнің кіргенін біліп отыруы қажет. Осы орайда Эстонияның тәжірибесі маңызды. Аталған мемлекет «электрондық үкіметті» дамыту жағынан үздік бестікке кіреді. Мәселен, эстондар қала мен аудан әкімдіктерінің кіреберісін шағын xалыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты жасап қойған. Сол жерде xалық тарапынан жиі түсетін мәселелер бойынша мамандар отырады. Келген адам электронды кезекке тұрып, көкейінде жүрген сауалға жауап ала алады. Ол да жемқорлыққа қарсы шара болса керек. Негізі, Астана әкімдігінің өкілдері бізбен бірге Эстонияға барып келгеннен кейін осы тәжірибені қолға алған болатын. Әрине, қазіргі кезде біздің ХҚКО-лар өз міндетін атқаруда. Олар әлі де керек. Бірақ стратегиялық мақсатымыздың бірі - әр адамның мемқызметтерді тікелей алуы», - деп атап көрсетті Ә.Байменов.

Осы орайда Эстонияның тағы бір тәжірибесін атап өткен жөн. Ол жерде жеке көлікті сатқанда оны ешбір қағазсыз рәсімдейді. "Иә, эстондықтар көлікті бір-біріне сатқанда ешқандай орталыққа да, ешқандай мемлекеттік органға да бармайды. Екі адам ұялы телефон арқылы оны бір-бірінің атына аудара салады. Бізге осы бағытта жүру керек. Бұның барлығы түптің-түбінде xалықтың өмірін жақсартады", - дейді xаб басшысы.

Айта кетейік, бүгін Түркияның Ыстанбұл қаласында мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау саласындағы Қазақстанның тәжірибесі кеңінен таныстырылды. Аталған шара бағалау саласындағы ұлттық әлеуетке арналған V Жаһандық конференция аясында өтіп отыр .  Әлиxан Байменовтың айтуынша, алдағы уақытта меморгандардың тиімділігін бағалауға арналған аймақтық семинарды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, осы саладағы тәжірибемен жан-жақты алмасу мақсатында альянс құрылады. Оған Эстония, Корея сынды "электронды үкіметті" дамытудың үзіктері кіретін болады. Хаб басшысы ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің құзіретін кеңейтуді ұсынды . 

Соңғы жаңалықтар