Жазушы Кәдірбек Сегізбаев: Қазақ әдебиетінің өрісі кеңейе бастады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың ақын-жазушылары жазған шығармалардың әлемнің бірнеше тіліне аударылуы - қазақ әдебиетінің өрісінің кеңейе бастағанын көрсетеді. Астанадағы Оралхан Бөкейдің ағылшын тіліндегі «Кісі киік» кітабының тұсаукесерінде жазушы Кәдірбек Сегізбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бүгінгі таңда Тәуелсіздік заманында қазақ жазушыларының туындылары ағылшын тіліне аударыла бастады. Осы еңбекті қолға алған, Еуропаға «алтын көпір» салып жатқан Халықаралық Қазақ Пен клубына алғыс айтқымыз келеді»,- дейді жазушы.

Кәдірбек Сегізбаевтың айтуынша, жазушылар мен ақындардың тағы бірнеше кітаптары Түркияда да басылып шыққан.

«Осының бәрі - қазақ әдебиетінің өрісінің кеңейе бастағанын көрсетеді. Жалпы, менің ойымша, қазақ әдебиеті ешкімнен кем-қор емес, кенде емес. Кеңес Өкіметі кезінде әр республикадан бір-бір мықтыларды саналы түрде шығарған. Оралхандар да сол тұста кең түрде Шыңғыс Айтматовтардай насихатталатын болса, бәлкім үлкен-үлкен бәйгелердің алдын озып келер ме еді деп ойлаймын. Прозаның өзінде кешегі өткен Әбіштер, Оралхандар қай-қайсысы болсын, керемет прозаиктер. Бірақ, оның насихаты мен дәріптелуі жетпей жатыр»,- дейді ол.

Жазушы сонымен бірге, жуықта ғана көз жұмған Рақымжан Отарбаевты еске алды.

«Біздің ортамызда кешегі өткен Рақымжан Отарбаевтар... Ол әлемдегі ешбір прозаиктен кем емес. Әлібек (Асқаров - авт.) деген ініміздің өзінің де аяқ алысы бөлек. Еуропаның, жапонның жазушыларынан кем деп айта алмаймын. Тек насихатымыз жетпей жатыр. Сондықтан, Бигелді мырзаның ісін жалғастыратын азаматтар көп болып, қазақ тіліндегі кітаптар шет тілдеріне аударыла берсін деген тілек білдіргім келеді», - дейді жазушы.

Еске сала кетсек, бүгін елордада қазақтың біртуар қаламгері Оралхан Бөкейдің ағылшын тіліндегі «Кісі киік» кітабының тұсауы кесілді. Тұсаукесерге Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров пен елімізге белгілі жазушылар Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбай келді. Сонымен бірге, айтулы шараға кітапты аударған Саймон Холлингсворт пен Саймон Геген Лондоннан арнайы ұшып келіп, шараға қатысты.

Соңғы жаңалықтар