«Жайық-Орал» экспедициясы Хан ордасы ауылында болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресейдің «Жайық-Орал» бірлескен ХХІ экспедициясы алғаш рет Бөкей ордасы ауданы тарихи Хан ордасы ауылында болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орынбор облысынан басталып, Жайық өзені бойымен қайықтармен жүзіп өтетін тарихи-мәдени және экологиялық экспедицияның сапары биыл осымен ерекшеленді. Бұл дәстүрлі жорықтың түпкі мақсаты Жайық өзенін келешек ұрпақ үшін сақтау болатын. Осы орайда өткен жылы Астана қаласында екі елдің басшылары «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі» келісімшарттың жобасына қол қойған еді. Биылғы 18 шілдеде ҚР Үкіметінің «Жайық өзені бассейнінің экожүйесін қорғау жөніндегі келісімді бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Мұндай шаралар аймақаралық деңгейде жалғасын тауып, Орынбор және Батыс Қазақстан облыстары басшыларының бастамасымен арнайы «Жайық күні» белгіленіп, жуырда Орынбордағы Елек қаласындағы Жайық жағасында арнайы белгі орнатылды.  Достықты ту етіп көтерген экспедицияның биылғы сапары ұзарып, Хан ордасына аяқ басқан Орынбор облыстық мәдениет және сыртқы істер министрлігі  халықаралық ынтымақтастық басқармасы басшысының орынбасары Сергей Кузнецов «Жайық күнінің» енді жыл сайын аталып өтілетіндігін жеткізді. Өйткені Жайық ортақ, сондықтан мәселе де ортақ.
null 

Аталмыш экожорықтың басшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко ауқымды экспедицияның Елбасының «Туған жер» бағдарламасымен үндесетінін, оның Хан ордасындай киелі мекенде түйінделуінде ерекше мән жатқандығын, қос мемлекет арасындағы ежелгі достық қарым-қатынасты кейінгі ұрпаққа насихаттаудың бір жолы осы екендігін атап өтті.
null 

Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің тілшісі Раушан Бақытованың мәлім еткеніндей, құрметті меймандар қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қазақтың тұңғыш генерал қызы Сәуле Айтпаева, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, Орынбор қаласы басшысының орынбасары Антон Шувакин, батысқазақстандық өлкетанушы, тоқсан жастағы Жайсаң Ақбай және басқалар болды. Олар Хан зиратына аялдап, бабалар зиратына тағзым етті. Осында жерленген Жәңгір хан мен оның жары, Орынбор мүфтиінің қызы Фатима ханша, Орынбор кадет корпусының түлегі, қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажанов, атақты күйші Дәулеткерей туралы мәліметтерге қанықты. Орда топырағында медицина саласында қызмет етіп, ауру себептерін анықтау кезінде мерт болған дәрігерлер Николай Шабалин, Александр, Ольга Михайловтардың бейітінде, басқа да тарихи орындарда болды. Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінің бес музейін тамашалаған қонақтар дөңгелек үстел басында пікір алмасты. Өздерін жылы қарсы алғаны үшін аудан басшылығы мен музей әкімшілігіне ризашылықтарын білдіріп, естелік сыйлықтарын ұсынды. 

«Жазиралы кең даламен жүріп келіп, құм Нарынның шетінде орналасқан, айналасын қарағайлы орман қоршаған Хан ордасына жетудің өзі бір ғанибет екен. Бізді бұл өлкенің тарихы да тәнті етті», - деді Орынбор қаласының тұрғыны, Ресейдің еңбек сіңірген саяхатшысы, белгілі ғалым, жетпіс төрт жасар Александр Фесенко. 

Соңғы жаңалықтар