Жайма базардағы «жейделерімнің» барлығы көшірме - Аңсаған Мұстафа

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде түрлі салалардағы плагиат мәселесі өзекті бола түсті. Өнімінің қытайлық көшірмелері қаптаған танымал суретші, иллюстратор Аңсаған Мұстафаның қазақты нақыштағы жейделеріне бұл жолы қырғыздар жиендік жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Папасының жүрегі деп кішкентай балапандарға арнап жасап едім, бұны да қырғыздар миллион тиражбен шығара салыпты. Жүрегім-ай. Отырамыз ба осылай, неужели араларыңда намысы бар, мықты юрист жоқ бұны тоқтата алатын. 50х50 берем қырғыз, қытай, өзбектен тартып алған ақшаның», - деп жазды суретші өзінің фейсбук-парақшасына (Автордың стилі сақталды - ред.).

Айта кетейік, Аңсаған Мұстафа өз суреттері арқылы қалың оқырманның назарын өзекті мәселелерге аударып, тың мәселелерді қозғап келеді. Оның қазақ жастарына арнап салынған суреттері түрік, жапон, грузин, қырғыз, ағылшын, орыс және тағы да басқа оншақты тілдерге аударылып, әлемге тарады. Сонымен қатар, Аңсаған Мұстафа ұлттық нақышта, әртүрлі тақырыпта суреттер салынған өз футболкаларын интернет арқылы саудаға шығара бастады.

 «Осыған дейін патент алуды құнттамай жүре беріппін. Өткен айда қытайлық көшірмелер қаптап шыға бастаған соң, патентке өтініш жаздым. Оны да 9 ай күту керек екен, тәртібі солай.  Патентім дайын болғанда ғана көшірме жейделерді Қытайдан, Бішкектен әкеліп сатып жүрген алыпсатарлардысотқа бере алады екенмін. Бұрын әлеуметтік тақырыптағы суреттерімді қанша адам заңсыз көшірді, әлемнің түпкір-түпкіріне менің аты-жөнімсіз тарағанда кеңпейілдік таныттым, бір адамға пайдасы тиіп, санасын өзгертсе қуаныш деп санадым. Бірақ, енді заңсыздықтарға тойтарыс беруге шындап кірісемін. Себебі, бұл жалғыз менің емес, жейдені әзірлейтін тұтас ұжымымның еңбегі», - деді Аңсаған Мұстафа ҚазАқпарат ХАА тілшісіне.

Ұлттық нақыштағы жейделердің авторы жақында салған суреттерінің де көшірмелері де тарап үлгергенін хабарлап, халыққа көшірме жейделерден сақ болуды ескертті және түпнұсқа мен көшірмені ажырату жолдарын айтып берді.

«Түпнұсқа жейделердің желкесінде ansa.kz жазуы және матаның құрамы көрсетілген. Ал көшірмелерде мұның біреуі де жоқ. Сосын көшірмелер бір ғана М өлшемімен жасалады, ал түпнұсқада алты айлық баладан алты XL-ге дейінгі арнайы өлшемдер бар.  Жейделерім арнайы дүкендерде ғана сатылады, жайма базардағы тауарлардың барлығы көшірме! Халық оны қайдан білсін, базардан көшірмені сатып алып киеді де, инстаграмда маған рахмет айтады. Сайтқа кірсеңіздер,  әр өңірдегі серіктестерімнің мекенжайлары мен байланыс нөмірлері тұр», - деді суретші.

Сондай-ақ, Аңсаған Мұстафа қазақстандық авторлардың төл туындыларын шетелдіктер рұқсатсыз пайдалану мәселесінің қалай шешілетіні, қандай жазалау шаралары қолданылытыны заң жүзінде қарастырылмағанын айтып қынжылды.

«Маған дейін қазақстандық авторлар мұндай мәселемен бетпе-бет келмеген сияқты. Патент алсам да, шетелдік тауар өндірушілерге біздің заңымыз жүрмейді. Оларды тоқтату үшін сол елдің патентін алуым керек, патентін алу үшін азаматтығын алуым керек. Осылайша, тығырыққа тіреледі екенмін. «Адидас, Гуччи секілді әлемдік алпауыттар көшірмені тоқтата алмай жүр, олардың қасында сен кімсің» дегендер болды. Барымды салып күресемін, тым құрығанда көшірмені елге әкелген алыпсатар сатушылар жауапқа тартылады», - дейді суретші А.Мұстафа.

null null 

Соңғы жаңалықтар