Жаяуды қағып мерт қылған жүргізуші үйқамаққа алынды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар аудандық соты жаяуды қағып мерт қылған жүргізушіні екі айға үйқамаққа алу туралы шарасын қолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облыстық соты Атбасар аудандық сотының қаулысын өзгертіп, күдіктіні 2 ай бойы үйқамақта ұстау туралы шарасын тағайындады. Оған қоса, күдікті ер адамға үйінен шығуға, телефонмен сөйлесуге, хабарлама жіберуге, және байланыс құралын пайдалануға тиым салынды. Күдіктіге тергеу органдары мен прокуратураға қылмыстық істі жүргізу үшін барып тұру міндеттелді. Оны бақылап отыру Атбасар аудандық ІІБ жүктелді.

«Күдіктінің қорғаушысы мен жол-көлік оқиғасынан мерт болған әйелдің қызының апелляциялық арызы қанағаттандырылды. Зардап шегуші өзінің арызында осыған дейін қолға алынған шара қатаң екенін айтып, соттан оны жұмсарту қажеттігін өтінген болатын. Қыз өзінің әрекетін күдіктінің кәнісін мойындағанын және үйіне келіп, кешірім сұрап, отбасына материалдық көмек көрсеткенін айтып түсіндірді. Ал қорғаушысы болса, күдікті туралы жақсы мінездеме мен төрт баланың әкесі екені және тұрақты мекенжайы бойынша анықтама құжаттар ұсынды. Сонымен қатар, тергеу органдары күдіктіге абайсызда адам өлтіріп алды деген бап бойынша іс қозғаны ескерілді. Ал оқиға орнынан қашып кеткендігі жөнінде айғақтардың болмауынан бұл жағынан оған қосымша айып тағылмады», - деп түсіндірді соттың баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 8-ші сәуірінде Атбасар қаласында Toyota Land Cruiser көлігінің 31 жастағы жүргізушісі жолдың шетінде кетіп бара жатқан екі жаяуды қағып кеткен болатын. Соның салдарынан 47 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмса, екінші зардап шегуші түрлі дене жарақатымен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал көлік жүргізушісі ізін суытқанымен бір тәуліктің ішінде қолға түсті. Ақмола облысының прокуратурасының дерегіне қарағанда, күдікті бұған дейін де дәл осындай қылмысы үшін істі болған.

Соңғы жаңалықтар