«Жай-күйің қалай, жергілікті полиция?» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 шілде, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Құрманғазы бабамыздың туған жеріне қатысты деректер келтіріледі.

Күйші Құрманғазы бабамыздың туып-өскен жері туралы кейбір басылым беттерінде шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер жазылып жүргені жасырын емес. Атыраулық жазушы-журналист Өтепберген Әлімгереев бабамыздың 190 жылдығына арнап жазған еңбегінде: «Құрманғазының күйшілік қыры бір­шама зерттелсе де, өмірбаяндық жолы әлі бір ізге түскен жоқ. Соның салдарынан ол бір әдебиеттерде Атырау облысының қазіргі Құрманғазы ауданында туған делінсе, енді бірінде Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданында дүниеге келген. Олардың қай-қайсысы да академик Ахмет Жұбанов пен тарихшы ғалым Исатай Кенжалиевтің нұсқалары. Шындығында күйші қазіргі Құрманғазы ауданының Жиделі құмында туған», деп жазыпты.

«Күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы жете зерттеп, оны оқырман қауымға ұсынған қазақ музыка өнерінің дүлдүлі академик Ахмет Жұбановтың еңбегі де, одан кейін ол туралы тарихи деректерге зерттеу жүргізген бірден-бір жалғыз тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжалиевтің де еңбектері баршаға белгілі. Сөз етіп отырған бабамыздың туған жері туралы талай жарияланып, нақтыланған сияқты еді. Әйтсе де басқа мәлімет беріп отырған бұл жазушы ағамыздың нақты қандай дерекке сүйеніп жазғанын түсіне алмадық», - дейді басылым.

«Қазақтың маңдайына біткен ұлы күйші-композитордың туған жерін әлі күнге олай тартып, былай тартып жүргеніміздің өзі бізге ұят. Келешекте жас ұрпақ нақты қандай мәлімет алмақ? Бұл сұрақ ҰБТ-да кездескен жағдайда не дейміз?! Сол кезде бұдан да үлкен даудың туары анық. Бабамыздың өмірге келген жері туралы тарихта жазылған деректерге қарсы пікірлер жазуды қойып, алдағы уақытта күйшінің өмірдерегі туралы «Қазақстан тарихы», «Қазақстан энциклопедиясы» секілді ірі еңбектерде қате мәліметтердің таралуына жол берілмей, ұлы күйші Құрманғазының туған жері туралы ақпарат мақалаларда, зерттеулерде, телеарнада, деректі фильмдерде айтылып, халыққа көбірек жарияланса екен дейміз», - дейді мақала авторы, Дина Нүрпейісова атындағы балалар саз мектебінің оқытушысы, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиев.

Толығырақ, «Құрманғазы қай жерде дүниеге келген?» атты мақаладан оқуға болады.

Сондай-ақ бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстанда терроризм мәселесі бар ма?» атты мақала жарияланды.

«2016 жылдың маусым және шілде айында Ақтөбе мен Алматыда орын алған жағдай - Қазақ елі тарихында, өкінішке орай, өзіндік бір межелі кезең ретінде қалатын болды. Әрине, бұған дейін де ел тарихында экстремизм мен терроризммен бетпе-бет келген сәттер болды. Алайда, дәл осы Ақтөбе мен Алматы оқиғасы ел ішін дүрліктіріп қана қоймай, шет елдің де назарын өзіне аударды. Өзінің тұрақты әрі бейбіт жағдайы арқылы танылған Қазақстан үшін бұл оқиғалар қалай болғанда да күтпеген жағдай болған еді. Сондықтан болар, көпшілік қауымның біразының назарын тапа-тал түсте әскери бөлім мен полицияға шабуыл жасаған радикалдардың әрекеті қайран қалдырса, енді біразы осындай шабуылдардың жиілеп кеткеніне алаңдаулы. Осы мәселелерге байланысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Азаматтардың басым бөлігі «Бұл қалай болды? Терактінің артында кім тұр? Террористердің көздеген мақсаты не?» деген сұраққа алаңдаушылық танытуда», - деп жазады басылым.

Осы тұрғыда Алматыдағы және Ақтөбедегі ДАИШ пен әл-Каиданың шабуылдарға қатысы бар ма? - деген заңды сауал тастайды мақала авторы.

«Ақтөбе мен Алматыдағы терактіге ешқандай да ұйымның қатысы жоқ деп нық сеніммен айта аламыз. Бұған дейін де айтылғандай, бұл жергілікті радикалдық топтың ұйымдастырған бір әрекеті. Мұндай топтарды сарапшылар өзара «Ұйқыдағы топтар» деп айтады, себебі, олар нақты бір жоспары жоқ, белгілі бір ұйымның бөлшегі емес, өз бетімен құрылып, бұрын аса бір әрекеттерді жасамаған және белгілі бір радикалды идеологияның жақтаушысы. Бұл топтарға әлеуметтік желідегі шет елдің пропагандалық бейнероликтері мен фото суреттері әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2013-2016 жылдардың аралығында ДАИШ тарапынан қазақстандық содыр­лар­дың қатысуымен 5 ресми видеосы таратылған. Одан басқа, Орталық Азия елдерінен Сирияға кетіп, соғысып жүргендердің әлеуметтік желілердегі көпте­ген ак­каунт­тарын есептемегенде жүздеген түрлі әуесқой деңгейде түсірілген фото-видео материалдары жүр. Өкінішке қарай, радикалдар осындай роликтерді әсіресе «Вконтакте» әлеуметтік желісінде емін-еркін таратып отыр. Ақтөбе оқиғасына қатысқан радикалдық топ ДАИШ немесе әл-Каиданың ешқандай мүшесі немесе бөлшегі емес. Бірақ та, олардың тосын әрекетке баруына интернеттегі жанама үндеу әсер етуі мүмкін», - делінген материалда.

Өңірлерде құрылған жергілікті полиция қызметінің алғашқы аяқ алысы қандай? Жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып келе ме? Осы сұрақтардың төңірегінде «Егемен Қазақстан» тілшілері оқырман назарына тағы бір өзекті мақала ұсынып отыр. 

«Уақыт пен бүгінгі күн талабы мұндай сауалдарға жан-жақты әрі толыққанды жауап қайтарылуын қажет ететіні анық. Сондықтан да, бұған біз Орал өңіріндегі жергілікті полиция қызметі мысалында, әрі оның биылғы жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары негізінде жауап қайтарғанды жөн көрдік. Бұл арада, ең алдымен, жергілікті полицияның бас­ты атқаратын қызметі жөнінде оқырмандарға қысқаша ақпарат бере кеткен жөн демекпіз», - деп жазады басылым.

Газеттің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин елімізде учаскелік полиция инспекторларын әлеуметтік тұрғыдан қолдау деңгейі әлі де болса төмен екендігін атап көрсетті.

«Сөз жоқ, мұндай жағдай олардың алаңсыз әрі толыққанды жұмыс істеулеріне салқынын тигізеді. Сессияда көтерілген мәселелердің бірі - өңірдегі учаскелік полиция қосындарының жеткіліксіздігі. Рас, қазір Орал қаласы бойынша екі участкелік полиция қосынын ашу күн тәртібінде тұр. Дегенмен, бұл аздық етеді. Облыс аумағындағы 185 учаскелік қосынның 99-на жай және күрделі жөндеулер қажет. Бүгінгі күні облыс ауылдарындағы 98 учаскелік полиция қосыны интернет жүйесімен және қажетті компьютерлік қондырғылармен қамтылмаған. Мұнда қызмет автокөліктері жетіспейді. Сон­дай-ақ, жергілікті полиция өкілдерінің қызметтік баспанамен қамтылу жайы да көңіл көншіте бермейді. Оның жеткіліксіздігі - 28,7 пайыз төңірегінде. Әрине, бұл мәселе ұзақ уақыт пен ырғалып-жырғалуды көтермейді. Өйткені, үйі жоқтың күйі бола қоя ма?», - делінеді «Жай-күйің қалай, жергілікті полиция?» материалда .

***

Қазақстанның балық шаруашылығы субсидияларға мұқтаж, деп хабарлайды «Экспресс К» басылымы.

«Республикада осы саланы қолдайтын бірде-бір мемлекеттік бағдарлама жоқ. Дегенмен, шенеуніктердің болжамы бойынша, 2020 жылға қарай Қазақстанда 15 мың тонна тауарлық балық өсірілмек. Қазір оның көлемі 1 мың тоннаға да жетпейді», - делінген мақалада.

Алматыда аквамәдениеттің дамуы және оны қолдаудың жолдары талқыға түскен «ҚазАква-2016» балық шаруашылығы форумы өтті. «ҚазаБалықшаруашылығы» балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестігі қауымдастығының атқарушы директоры Азис Шотқараевтың сөзі бойынша, осы салаға жанама қатысы бар бір ғана «Агробизнес-2020» бағдарламасы бар. - Осы бағдарлама бойынша, 2020 жылға қарай Қазақстанда 15 мың тонна балық өсірілуі тиіс. Бірақ бүгін оның саны 1 мыңға да жетпейді», - дейді Шотқараев. - Тағы атап өтерлігі, балықтың бағалы түрлерінің асыл тұқымдарын өсіруге субсидиялар мүлдем қарастырылмаған. 

Соңғы жаңалықтар