Жатақханалардың құрылысы: Оқытушылар жалақысы мен оқу бағасы өзгере ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі жатақханалар құрылысын қаржыландыру тетіктерін әзірледі. Оған сәйкес, жоғары оқу орны немесе құрылыс компаниясы жатақхананы өзі салады. Аталған нысан пайдалануға берілгеннен кейін мемлекеттің субсидиясы төленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, жатақханалар құрылысын қаржыландырудың қазіргі жүйесі оқытушылардың жалақысына да, оқудың бағасына да кері әсерін тигізбейді.

«Негізі, құрылыстың шығындары - ол мүлдем бөлек ақша. Оның жалақыға ешбір қатысы жоқ. Мәселен, мемлекеттік білім беру гранты бөлінгенде профессор-оқытушылардың жалақысы және оқу процесіне қатысты барлық шығындар ескеріледі. Ал жатақханалардың құрылысы бөлек өтеледі. Оған бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді», - деді Б.Асылова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, жоғары оқу орны, я болмаса, құрылыс компаниясы алдымен жатақхананың жобасын әзірлейді. Осыдан кейін «Қаржы орталығы» АҚ-мен екіжақты келісімшарт рәсімделеді. Соның негізінде екінші деңгейлі банктен несие алып, құрылыс жұмыстарын бастауға болады.

«Нысанды пайдалануға бергеннен кейін біз әрбір жатын орынға белгілі бір уақыт бойы субсидия төлейтін боламыз. Осылайша, жатақхананың құрылысына кеткен шығындар өтеледі», - деп атап көрсетті Б.Асылова.   

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев студенттерге қосымша бөлінетін 20 мың грант пен жатақханадағы 75 мың орынның қаржыландыру тетіктері жайында айтқан болатын.  Ал ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкеновтың ойынша, жатақханалар құрылысына студенттерді де тартуға болады.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдың соңына дейін республика бойынша 75 мың орындық жатақханалар пайдалануға берілуі тиіс. 

Соңғы жаңалықтар