Жатақханадағы өрт: Астаналық бойжеткен үшінші қабаттан секірген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 наурыз күні Астананың Оңтүстік-шығыс шағын ауданында болған өрттің мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, 13 наурызда №1 қалалық ауруханаға өрттен зардап шеккен Виктория Швецова жеткізілді. 24 жастағы қыз тілсіз жау ғимаратты шарпыған кезде коттедждің жоғары қабатында болған. Оттан қорғану үшін ол үйдің терезесінен секіруге мәжбүр болды. Соның салдарынан қыздың омыртқасы зақымданып, аяғы сынды. Сонымен қатар оның денесін күйік шалған.

«Бұл, негізі жатақхана. Осы нысанның бірінші қабатында техникалық қызмет көрсету стансасы бар. Өрт болған кезде жоғары қабатта едім. Түтіннің салдарынан сыртқа шығу мүмкін болмады. Сасқанымнан досыма телефон шалдым, ол терезеден секір деді», - деп айтып берді Виктория.

Оның сөзіне қарағанда, жатақханадан секірген кезде,  төменгі қабаттардың терезесінен шыққан жалынға денесін күйдіріп алған.

Аталған аурухананың дәрігері Руслан Ботабаевтың айтуынша, Виктория ауруханаға жеткізілген сәтте оның жағдайы ауыр болған. «Шұғыл тәртіпте оны операция бөліміне апардық. Барлық қажетті операциялар жасалды. Қазіргі кезде науқастың денсаулық жағдайы тұрақты», - деді дәрігер.

Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Сырымбет, 30 мекенжайында ТҚС өртенгені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Коттедждің бірінші қабаты ТҚС болса, екінші қабатта шаруашылық бөлмелері орналасқан. Ал үшінші қабат тұрғын үй ретінде жабдықталған. Тілсіз жаудың жалыны жақын маңдағы ғимаратты да шарпыды. Өрт 500 шаршы метрге жуық аумақты шарпыды. Оқиға салдарынан ана мен бала қаза болды.

Фото: socalpersonalinjurylawyer.com

Соңғы жаңалықтар