«Жасыл» экономика жолында

None
None
Адамзатқа тәңірден берілген табиғат қоры қадіріне жетіп, қызғыштай қорығанда ғана баянды бақ болмақ. Қай кезеңде немесе қай тұрмыста болмасын үнемдеу, ысырап етпеу береке бастауы саналады. Бұл ретте ел байлығын еселейміз десек, бірінші кезекте мемлекетіміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланып, баламалы энергия көздеріне мән беруіміз қажет. Сондықтан да, Елбасының басты назарындағы ел экономикасын дамыту жолындағы игі шаралардың бір бағыты «жасыл» экономиканы жолға қою болып табылады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2013 жылы Мемлекет бас­шысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл эко­номикаға» көшуі жөніндегі тұ­жырымдамасы бекітілген болатын, деп жазады еліміздің бас басылымы.
Осы леппен артынша осынау тұжырымдаманы жүзеге асыру кезеңдері айқын болды. Бүгінгі таңда оның алғашқы ке­зеңінде (2013-2020 жж) сатылап қадам басып келеміз. Бұл бастама Елбасының дүйім жұртқа жол тартқан кезекті «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында көрініс тапқан болатын. Елдің «жасыл» даму жолына көшуіне негізделген экономиканың орнықты әрі тиімді моделін құрудың нақты бағдарын белгілеп берген стратегияда «жа­сыл экономика» халықтың өмір сүру деңгейі жоғары болатын, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесінде және елдің қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелеріне, ХХІ ғасырға арналған күн тәр­тібіне сәйкес табиғи ресурстар ұқыпты әрі ұтымды пайдаланылатын экономика ретінде ай­қындалады. Жалпы алғанда, жасыл экономикаға ауысу аясында қорлардың тиімділігін арттыру, қазақстандық инфрақұрылымды жетілдіру, халықтың әл-ауқатын жақсарту болжанады. Аталған тұжырымдамада айтылған­дай, есептеулер бойынша, 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар ІЖӨ-ні 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, «жасыл экономикаға» көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ІЖӨ-нің шамамен 1%-ын құрайды, бұл жылына 3-4 миллиард АҚШ долларына тең.

Шетел тәжірибесі не дейді?

Жалпы алғанда, осы бетбұрыс біздің елге қай жағынан және қалай пайда әкелетінін білу үшін, әрине, шетел тәжірибесіне үңіле көз жіберу маңызды. Бұл мәселеде түптеп келгенде ұтылудан ұту­дың көп екендігін алғаш болып Оңтүстік Корея дәлелдеді десек, артық айтқандық болмас. Бұл елде 2011 жылдан бері экономиканың «жасыл» секторын дамытуға 60 миллиард АҚШ долларын бағыттау жоспарланған болатын, осы ретте 1,8 млн. жұмыс орны ашылды. Оңтүстік Корея бүгіннің өзінде жыл сайын «жасыл» секторға ІЖӨ-нің 2%-ын инвестициялайды. Ұлттық стратегия шеңберінде жасыл өсім тұжырымдамасын алға қойып отырған елде негізінен үш элементке басты назар аударылады. Олар: өнеркәсіп, инвестиция және энергетика, сонымен қатар, тұщы судың баламалы көздеріне, қалдықтарды өңдейтін технологиялар мен парктердің дамуына мән береді. Ал АҚШ-та «жасыл» экономиканы дамытудың басты бағыты ретінде баламалы энергетиканы дамыту жолға қойылған.

Кез келген әлемнің неғұрлым дамыған елдері «жасыл» экономика қағидаттарын ұстанады. Атап айтсақ, Моңғолия, Қытай сияқты елдер де басшылары жария ет­кен өршіл «жа­сыл экономика» жоспарларын жүзеге асыруда. Мысалы, Бразилияда топырақты күтіп ұстаудың, ауылшаруашылық өнімдерін жинаудың және жеткізу тізбегін басқарудың жетіл­дірілген жүйесі есебінен ауылшаруашылық жерлерін қалпына келтіру жүргізілді. Немістің Дортмунд қаласы кө­мір индустриясы орталығынан «Үшінші индустриялық төңкеріс» инфрақұрылымы бар жаңа «жасыл» сектор орталығына айналды.

Атқарылған ауқымды істер

Жоғарыда айтып өткеніміздей, дамудың «жасыл» жолына көшу барысында алға қойылған негізгі бағыттардың орындалу деңгейін білу үшін, Энергетика министрлігі, «Жасыл экономика» департаментінің басшысы Бекберген Дүйсенбайұлына сауалдар жолдағанымызда, ол кісі еліміздің «жасыл» эконо­микаға көшуі жөніндегі тұжы­рымдамасына сәйкес, таяудағы 20 жыл ішінде елімізде инфра­құрылымды жаңарту және дамыту жүргізілуі тиіс екендігін қа­дап айтты. Осы бойынша, аталған активтердің жалпы көле­мінен ғимараттардың 55%-ы мен электр стансаларының 40%-ы 2030 жылға қарай жаңадан са­лынады, деді. Сонымен қатар, автокөлік паркінің 80%-дан астамы 2030 жылға қарай жаңа болатынын атап айтты. Ел үшін ресурстарды тиімді пайдаланатын жаңа инфрақұрылым құрудың бірегей мүмкіндігі туындап отыр. Атап айтатын болсақ, 2015 жылдан бастап БҰҰ ДБ-мен бірлескен «Төмен көміртекті дамыту үшін орнықты қалалар» жобасы іске асырылып келеді. Және де өткен жылы Инвестициялар және даму министрлігі БҰҰ ДБ-мен бірлесіп, энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру және Қазақстан қалаларын көшелік жарықтандырудың техникалық жай-күйіне бағалау жүргізу мақсатында «Энергетикалық тиім­­ді жарықтандыру» бағ­дар­ламасы шеңберінде Павлодар облысында 298 шамасында энергия үнемдейтін шамдар орнату бо­йынша екі қанатқақты жоба іске асырылғанын жеткізді.

Осылайша, көшелерді жа­рық­тандыруды энергия үнем­дейтін шамдарға ауыстыру еліміздің бар­лық қалаларында жүргізіліп жатыр. «Энергия үнем­деу-2020» бағ­дарламасы шеңберінде жер­гілікті атқарушы органдар бюд­жеттік энергоаудитін өткізуде. Бағдарламаның мақсаты энергия тұтынуды төмендету және отын-энер­гетикалық ресурстарды тиімсіз пайдалануды қысқарту арқылы елдің ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендету және энергия тиімділігін арттыру үшін жағдай жасау болып табылады, дейді «Жасыл экономика» департаментінің басшысы Б.Дүйсенбайұлы.

Жекелеген жобаларға келетін болсақ, инвесторларды ынталандыру арқылы соңғы екі жылда Қазақстанда жаңартылған энергия көздерін пайдалану нарығына ЖЭК-тің 25 нысаны іске қосылған. «Жасыл» экономикаға көшу жолында Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Жасыл» экономикаға көшу жөнінде кеңес құрылғанын айта кеткен абзал. Сондай-ақ, еліміздің су ресурс­тарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы қабыл­данып, ол лайықты дең­гейде жүзеге асырылуда. Және де отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасы бекітілді.

Ағымдағы жылы 28 сәуір­де Президент «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­намалық актілеріне Қазақ­стан Республикасының «жасыл» эко­номикаға көшу мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қо­йылды. Осы және басқа да іске асы­рылып жатқан шаралар елдің табиғи ресурстарын ұқыпты әрі ұтымды пайдалануға негіз болатыны хақ.

«Жасыл» экономиканы жол­ға қою мақсатындағы негізгі бағыттарға тоқталар болсақ, олар жаңғырмалы энергия көздерін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғын­дағы энергия тиім­ділігі, ауыл шаруашы­лығындағы орга­никалық егін шаруашылығы, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру, «таза» көлікті дамыту, ауаның ластануын азайту болып табылады. Осы бағыттар бойынша қазіргі таңда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2020 жыл­ға дейін электр энергиясын өндірудегі газ электр стансаларының үлесін 20 пайызға дейін жеткізу жұмыстары бойынша алсақ, бүгінгі күннің өзінде бұл көрсеткіш 19,9 пайызды құрап отыр. Ал тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығындағы энергия тиімділігі мәсе­лесінде энергия тұтыну тиім­ділігін 2020 жылға қарай 25 пайызға азайту жөніндегі міндет айқын. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес 2013 жылы энергия тиімділігі 18,6 пайызды құрады. Ал қал­дық­тарды басқару жүйесін жетілдіру жұ­мыс­тарында да алға басушылық бай­қа­лады. Мысалы, Энергетика министрлігінде 2020 жылы ҚТҚ шығаруды 90%-ға, қоқысты санитарлық сақтауды 50%-ға, қалдықтарды өңдеу үлесі 10%-ға жеткізу міндеті тұр. Өткен жылғы нәтиже бойынша халықты ҚТҚ шығарумен жабу - 59%, қоқысты санитарлық сақтау - 11%, өңделген қалдықтар үлесі 40%-ды құрады. Алдағы төрт жылда қалған пайыздық көрсеткіштердің орындалатыны даусыз.

Сарапшылардың айтуы бойынша, «жасыл» экономиканың осы заманғы экономикалық жүйелерді тұрақтандыруға, қорларды тиім­ді қолдану арқылы адамның және табиғаттың арақатынасын теңгеруге мүмкіндігі көп. Кедей­шілік деңгейін төмендету, ха­лықтың денсаулығы көрсеткішін арттыру, қоршаған ортаны жақ­сарту арқылы «жасыл» экономика адам капиталының сапасын көтеріп Қазақстанның XXI ғасырда экономикалық және әлеуметтік тиімділігін, табысын тұрақтандырады және әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Соңғы жаңалықтар