Жастардың репродуктивті денсаулығын нығайту қажет - вице-министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы талқыланды. Отырыста министрліктің 2018 жылы басымдық берілуі тиіс бағыттары аталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов,  Қоғамдық кеңестің мүшелері, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева отырыста баяндама жасап, халықаралық тәжірибенің негізінде республикада Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылғанын атап өтті. Оның айтуынша, қызметтің жұмысы өмірдің барлық кезеңіне: сәбилерді вакцинациялау мен мектеп медицинасы, салауатты мінез-құлық, экологиялық қауіпсіздік және жастар мен ересектердің арасындағы еңбек гигиенасынан бастап, дұрыс тамақтану мен егде жастағы адамдардың созылмалы дегенерациялық ауруларының алдын алуға дейін бағытталған.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында дұрыс тамақтануды, спортпен шұғылдануды, дене белсенділігін қоса алғанда қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту керектігін атап өткен болатын.

«Жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау мен нығайтуға ерекше назар аударған жөн. Мұндай жағдайда әрбір нысаналы топ үшін жеке тәсілді айқындау, сондай-ақ дене шынықтырумен шұғылдану үшін инфрақұрылым құру, қауіпсіз өмір мен еңбек үшін жағдай жасау және жастардың репродуктивті денсаулығын нығайту қажет», - деді Ләззат Ақтаева.

Президент сонымен бірге Жолдауында үздік халықаралық тәжірибенің негізінде обырды ерте диагностикалау мен емдеу қамтамасыз етілуі тиістігін атап көрсеткен болатын. 

«Осыған байланысты, біз ерте диагностикалау мен емдеуді, әсіресе қатерлі ісіктердің профилактикасынан бастап емдеуді жетілдіруге дейінгі іс-шараларды қамтуды көздейтін онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу керекпіз. Ал оған мүмкіндік беретін онкологияға жаңа әрі жоғары тиімді технологияларды әкелуге тиіспіз»,- деді вице-министр.

Ләззат Ақтаева алдағы уақытта МӘМС пакеті жетілдірілетінін жеткізді.

«Қазіргі таңда әлемде, оның ішінде денсаулық сақтауда  инновациялық технологиялар тез дамуда. Заманауи технологиялар халыққа медициналық қызмет көрсету үлгілерін өзгертеді. Барлық өзгерістерге біз дер кезінде назар аударуға тиіспіз. Мұның барлығы бірінші кезекте заңнамалық актілерде көрсетілуі керек. Соған байланысты,  денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру үшін Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Үкіметке «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырды», - деді Ләззат Ақтаева.

Соңғы жаңалықтар