Жастар театры Оралхан Бөкейдің туындысын жаңа форматта ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық жастар театры Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» әңгімесін музыкалық моноспектакль түрінде көрермен назарында ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заманауи жаңа форматта сахнаға шығарылған қойылымның өзіндік ерекшелігі мол болды. Аса дарынды қаламгер О.Бөкейдің терең толғаныстарға толы шығармасы көрермен жүрегін бірден жаулап алды. Жеңісхан рөлін сомдаған танымал актер Дәурен Серғазин жазушының ішкі жан дүниесін тебіренткен туындыға жан бітірді, сөйлетті, әнмен әуелетті. Дарынды актердің осы монолог түріндегі шығарманы халыққа жеткізуде көп іздегені көрініп тұр. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім ақын айтпақшы, бұл моноспектакль де біз көріп жүрген дәстүрлі қойылымдардан өзгеше.

«Оралхан Бөкейдің кітаптарын мектепте жүргенде оқып едік қой. Назар салып қараған адамға, өзімен өзі тілдескенде жазушының «Ұйқым келмейді» әңгімесі үлкен әсер ететіні сөзсіз. Осындай бір моноспектакль шығаруды ойлағанда, осы «Ұйқым келмейді» әңгімесі ойыма түсті. Айтар ойы бар туынды болған соң, соны таңдап алдық. Көрермен көңілінен шығу үшін жазушы шығармасын жаңаша ұсынуды жөн көрдік», - дейді актер Дәурен Серғазин.
null

Қойылым барысында осы туындының ішкі әлемімен қабысып жатқан жаңа әндер орындалды. Моноспектаклдің қоюшы режиссері аталған шығарманы сахнаға шығару үшін бірқатар ақындардың, атап айтқанда, Ханбибі Есенқарақызы, Қайрат Иманбеков, Айбатыр Сейтақ, Хамза Көксебектің өлеңдеріне жүгінген. Әндердің музыкасын жазған Д.Серғазин.

Осы музыкалық моноспектакльді тамашалауға келген Оралханның қарындасы Ғалия Бөкейқызы ағасы туралы естеліктерімен бөлісті. «Оралханның өмірі театрмен тығыз байланысты болды. «Құлыным менің» алғашқы пьесасы еді. Бастапқыда цензураға ұшырап, сахнаға шықпай қала жаздап еді. Кейін жолы болды. Театр сыншыларының үлкен бағасын алды. Ал енді бүгін «Ұйқым келмейді» әңгімесі бойынша музыкалық моноспектакльді көріп, тамаша бір әсерге бөлендім. Мұндай моноспектакльді алып шығу актердің шеберлігінің арқасы. Дәурен Серғазинге үлкен ризашылығымызды білдіреміз және болашақта биік белестерді бағындыруына тілектеспіз», - деді Ғалия Бөкейқызы.

«Оралхан ағамыздың шығармасы бойынша моноспектакль жанрында сахналанған бұл қойылым сәтті шықты. Туынды кейіпкерінің өміріне саяхат жасағандай болдық. Жалпы, моноспектакль актерден асқан шеберлікті, режиссерден батылдықты талап етеді. Өйткені қазіргі көрерменнің талғамы зор! Қазақстанда бұл жанр кенжелеп болса да дамып келеді. Жастар театры ұжымына талаптарыңа нұр жаусын деген тілегімді айтамын», - деді қойылымнан кейін өткен басқосуда пікір білдірген өнер жанашыры Оңғарбай Дәнебеков.

Сондай-ақ жас актерлер Іңкәр Насиева, Мейірғат Амангелдин, Ақжан Орынбасарова және Айсұлтан Жәлиев осы қойылымның көрермен жүрегіне жол табуына айрықша үлес қосты.

Бұл қойылымның қоюшы режиссері де, орындалған әндердің авторы да Дәурен Серғазин екенін айта кектеніміз жөн. Қоюшы суретші Ерлан Тұяқов.

Театрдың көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Соңғы жаңалықтар