Жастар саясатының көрсеткіші флешмоб өткізумен шектелмеуі керек - Жақсылық Омар

None
None
  ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері мен олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлованың айтуынша, өңірде жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 3071 бала бар. Қазіргі кезде соның 83,5%-і немесе 2564 бала отбасылардың асырауына берілген. Оның ішінде 2446 бала қамқорлыққа алынған, 70-і патронаттық тәрбиеге, 48-і отбасылық үлгідегі үйлерге орналастырылған. Биылғы жылдың 5 айында жетім балалар үйлерінен 23 бала өз отбасына оралды.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан бірқатар кемшіліктер де бар. Облыстың біраз аудандарында, атап айтқанда Ақсу, Кербұлақ, Көксу, Сарқан аудандарында «Балалар үйі жоқ Жетісу» жобасының шеңберіндегі шаралар бәсең жүруде. Жамбыл, Райымбек, Ұйғыр, Алакөл, Балқаш аудандарында патронаждық тәрбие дамытылмаған немесе баяу дамуда», - деді білім басқармасының басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылға патронаждық тәрбиеге 60 баланы орналастыру жоспарланған.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар комиссия жұмысын ширату қажеттігін айтып, комиссия мүшелері тарапынан нақты ұсыныстар берілмей отырғанын атап өтті.

«Қамқорлықсыз қалған балаларға аяушылық білдіру аздық етеді, бізге нақты шаралар қажет. Әлеуметтік сауалнама жүргізіп, балалардың қандай мәселелері бар екенін анықтау керек. Бұл тәрбиеге де, оқытуға да байланысты. Алдымен балалардың пікіріне құлақ түрген ләзім. «Бала - біздің болашағымыз» деген нақылды жиі айтамыз, сол балаларға қажетті көмек пен қолдау көрсету, толыққанды әлеуметтендіруге қолайлы жағдай жасау - тікелей міндетіміз, - деді Жақсылық Омар.

Ол сонымен қатар, жастар саясаты жөніндегі басқарманың жұмысын да сынға алынды.

«Басты мақсат - жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізу. Ең алдымен соларға нақты қолдау көрсетіп, кәсіпті меңгерулеріне, тұрақты жұмысқа орналасуларына жәрдемдесу керек. Жастардың жағдайына тұрақты талдау жасап, соның қорытындысы бойынша ұсыныстар беру қажет. Флешмобтар өткізу - біздің жұмысымыздың көрсеткіші емес, нақты шараларды жүзеге асыруымыз керек, - деді Ж. Омар.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары комиссия мүшелеріне облыстың аудан, қалаларына шығып, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар туындаған мәселелерді анықтау мақсатында жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу туралы тапсырма берілді.

Соңғы жаңалықтар