Жастар аула тазалаушыларына ыстық шай беріп, құрмет көрсетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Астанада ерекше акцияны қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Астана 20 жылдық мерейтойын атап өтпек. Астана өзінің суық қысымен ерекшеленеді. Жасотандықтар Жаңа 2018 жылдың бірінші жұмыс күнін қаланың коммуналдық қызметкерлеріне жылу сыйлаумен - тегін шай таратумен бастады. Күннің суығына қарамастан таңсәріден жұмысқа кірісетін аула тазалаушыларына жастар ерекше ілтипат көрсетті. Осы орайда жастар «Кел, шәй ішейік» мини-фесті арқылы қала тұрғындарын өзгелердің еңбегін бағалауға шақырады», делінген хабарламада.

«Қоғамда сабағын нашар оқыған бала өскенде аула тазалушы болады деген стереотип қалыптасқан. Біздің мақсат - сол ұстанымды жоққа шығарып, осы мамандықтың маңыздылығын көрсету. Бұл мамандық иелерінің арасында бірімізге ана, бірімізге қарындас болатын әйелдер де бар. Жолымызда кездескен қызметкерлерге ізет танытып, амандасып, қолымыздан келгенше көмек көрсетуге шақырамын», - деді «Жас Отан» төрағасы Данияр Сүндетбаев.

Мини фест сағат 11-де басталып, күні бойы жалғасты. Жасотандықтар шағын автобуспен қаланы аралап, бауырсақ пен шәй таратты. Сондай-ақ, жастар елорданың коммуналды қызметкерлерімен әңгімелесіп, көмек қолын созды.

Қар тазалап тоңған қызметкерлер, ыстық шай ішіп жылынып қалғандарын айтып, алғыстарын білдірді. 

Соңғы жаңалықтар