Жас ақындар балаларға арнап өлең жазбайды - ақын Аманжол Әлтай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді іріктеуге арналған сараптамалық кеңесте айтыскер ақын Аманжол Әлтай балалар әдебиетін дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде балаларға арналған шығармалар жоқтың қасы. Әсіресе, балалар ақындары тоқтап қалды, осы тақырыптағы ақындар қартайды. Мәселен, ең соңғы балалар ақындары - Бауыржан ағаларымыз бен Қымбат Әбілдәқызы 60-қа келіп қалды. Ал қазіргі жас ақындар балаларға арнап өлең жазбайды. Кезінде Жақан Смақов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Әнуарбек Дүйсенбиевтің тақпақтары қандай еді?! Бәріміз сонымен сусындап өскен бала едік қой. Сондықтан келесі жылы балалар әдебиетіне көбірек көңіл бөлсек деген ұсыныс бар», - деді А.Әлтай.

Айта кетейік, биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы сараптамалық кеңес қоғамдық маңызы бар 56 шығарманы бекітті. Келесі жылы аталған еңбектердің бәрі басылып шығады. Әрбір баспа табаққа 150 мың теңге төленеді. 

«Енді, биыл бірінші жыл болғаннан кейін біздің ақын-жазушыларымыздың көбісі құлағдар болмай, бәйгеге аттарын қоса алмай қалды. Келесі жылда аламан бұдан бірнеше жоғары болады деп ойлаймын. Өйткені биыл көбісі шығармаларын қосуға үлгере алмады», - деп атап көрсетті А.Әлтай.

Соңғы жаңалықтар