Жарымжан жандар жасанды ұрықтандыруға арнайы квота бөлуді сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың «Тәуелсіз өмір» ДOС» қоғамдық бірлестігі арбаға танылған мүгедектер үшін экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) арнайы квота бөлуді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда инфо сайтына сілтеме жасап.

«Тәуелсіз өмір» ДОС» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Ардақ Отарбаев мұндай өтінішін мәслихатта өткен қоғамдық тыңдаулар барысында білдірді.

«Біздің қоғамдық бірлестіктің мүшелері негізінен арбаға танылған мүгедектер, тірек-қимыл мүшелері зақымданған азаматтар. Қазіргі күні көптеген арбадағы мүгедектер белсенділік танытып, түрлі салада жұмыс істеп жүр, спортпен де шұғылданады. Көбі үйленіп, отбасын құрып жатыр. Бізде физикалық жолмен бала сүйе алмайтын отбасылар бар. Осы орайда ЭКҰ орталықтарына мүгедектерге арналған арнайы квота бар ма?», - деді Ардақ Отарбаев.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың айтуынша, Астанада бала сүйе алмайтын отбасыларға жыл сайын 50-ге жуық квота бөлінеді. 

«Квота бар. Бірақ ол бәріне бірдей жете бермейді. Астанаға жылына 50-ге жуық квота бөлінеді. Ал ол жеңілдікке ие болғысы келетіндер саны бірнеше мың. Жеңілдікті бөлу кезінде үміткерлерді іріктеу кезінде мүгедек немесе мүгедек емес деп бөліп-жармаймыз. Нақты медициналық көрсеткіштер бар: ЭКҰ циклының сәттілігін анықтайтын арнайы көрсеткіштер бар. Сол көрсеткіштерді бағалай келе, біз тізімді бекітеміз. Ол үшін арнайы комиссия бар», - деді Камалжан Надыров.

Бұған қоса басқарма басшысы ЭКҰ квотасын бөлетін комиссия құрамын кеңейтіп, адамдар кезегі электронды форматқа көшірілетінін айтты.

«Кезекті электронды форматқа көшіріп, онлайн режимде бақылап отыратын боламыз. Бұл мәселені қарастыруға дайынбыз. Бірақ квота өте аз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар