Жаппай кәсіпкерлік арқылы әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге жағдай жасалса игі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі экономикасы мығым елдердің бәрінде дерлік шағын және орта бизнес ерекше даму үлгісіне ие. Мәселен, дүниедегі алдыңғы қатарлы экономика саналатын Германияда экономиканың 90 пайыздан астамы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді. Соның ішінде он-он бес шақты адамды жұмыспен қамтитын отбасылық кәсіпкерлік те бұл елде ерекше дамыған. Осының өзі мемлекетте жаппай кәсіпкерлікті дамытудың тиімділігін аңғартады.

Айта кетерлігі, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы біраз мәселе көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты әлеуметтік жаңғырту бағдарламасында дәл осы мәселеге назар бұрған болатын. Бұл ретте әлеуметтік жаңғыртудан туындайтын бірінші тапсырма - жаппай кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде экономиканың нақты секторындағы кәсіпкерлікті дамыту ретінде белгіленген еді. Шындығында, мемлекеттегі еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, соның ішінде азаматтарды өндірістік еңбекке жаппай тарту мәселесі Қазақстан үшін өзекті. Алайда, мұның өзі бір ғана мемлекеттің күшімен тұтастай халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек дегенді білдірмейді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет азаматтардың бәріне бірдей жұмыс тауып беруге ұмтылмай-ақ,  жұртшылықтың әл-ауқатын өсіру үшін жағдай туғызуы аса маңызды. Сондықтан да, биылғы жылы Үкімет мемлекеттік емес секторда жұмыс орындарын ашып, жеке кәсіпкерлікке бұқаралық әрі жаппай сипат беруді қолға ала бастады. Осы мақсатта «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының орнына жаңа Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қабылданған еді.

Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында жаппай кәсіпкерлік мәселесі екінші басымдық ретінде қарастырылған. Сонымен қатар, Президент еліміздегі ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу туралы үлкен мақсат қойған болатын. Әрине, кәсіпкерлікке қанша қолдау көрсетіліп жатыр дегенімен, Қазақстанның жағдайында бұндай биік мақсатқа қол жеткізу әзірше оңай емес боп тұр. Қазіргі жағдай демекші, шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі бүгінгі Қазақстанда 25 пайызды құрайды. Бұны екі еселеуге тиіспіз. Соңғы жылдары атқарылған шаралардың бәрі осы бағытта болса керек.

Тоқтала кететін жайт, соңғы 4 жылда кәсіпкерлікке қатысты 14 Заң қабылданыпты. «Жол картасы -2020», «Агрокәсіпкерлік 2017-2020», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» секілді бағдарламалар да, Ұлт жоспарына негізделген реформа аясына да шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударылып отыр. Осындай бағдарламаның арқасында түзілген статистикаға көз жүгіртсек, біраз мәселені аңғарамыз. Атап айтқанда, Қазақстан халқының жалпы санының 3 миллионнан астамы шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылған. Былтыр жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,1 млн. бірлікті құрады, олар 9 айда 11,2 трлн. теңге сомаға өнім шығарыпты. Ал Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бұл көрсеткішке қандай өзгеріс жасайды? Ол үшін қандай шаралар жоспарланады?

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қалаларда ғана емес, әсіресе, ауылда кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға септік жасап, жеке ісін ашамын деушілерге жағдай жасайды. Бұл үшін кәсіпкерлік қызметтің микрокредитіне жыл сайын қалаларда 10 млрд. теңге, ауылдық жерлерде - 27 млрд. теңге бөлінбек. Сонымен қатар, қалалардағы микрокредиттерге кепілдік беруге - 1,2 млрд. теңге, ауылдық жерлерде - 2,8 млрд. теңге көзделеді. Ал жұмысын жаңа бастаған ауылдық кәсіпкерлер үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнесті жүргізу негіздеріне дайындаудың бейімделген курстарынан өткізу қарастырылады. Оқытуды ұйымдастырумен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналысады. Оқыту бағдарламасы 16 мың теңге көлеміндегі бір жолғы стипендия төлеу және одан әрі қаржы мекемелерінен қаржыландыруды алу үшін дайын бизнес жоспар дайындаумен бірге бизнесті жүргізу негіздеріне бір айлық оқып үйренуді көздейді.

«2017 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен 9 060 кәсіпкер өз жобасын қаржыландыру арқылы жағдайын жақсартты. Арзандатылған кредиттер сомасы 1,7 трлн. теңгені құрады. Берілген субсидиялардың жалпы көлемі 146 млрд. теңгеге жетті. 2 642 кәсіпкер 93 млрд. теңге сомаға кредиттер бойынша кепілдіктерге қол жеткізді. Кепілдіктердің жалпы көлемі 40 млрд. теңгені құрады. 103 млрд. теңге сомаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 774 жобасына жетіспейтін инфрақұрылым тартылды. Жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 2,8 млрд. теңге сомаға 1 132 мемлекеттік грант берілді, моноқалаларда жеке кәсіп ашу және оны кеңейту үшін 4,7 млрд. теңге сомаға 1 284 микрокредит берілді»,- дейді министр Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, әсіресе, ауылды аймақтарда кәсіпкерлік әлеуетті дамытып, жеке іс ашуға жағдай жасайды. «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру үшін, шағын несие көлемі артты, оған қоса кәсіпкерлердің кепілзаты  жетіспеген жағдайда мемлекеттің кепіл беру  мүмкіндігі қарастырылған. Бұл шара ауылда кепілге қоятын мүліктің болмауы және қаржы жетіспеушілігімен байланысты проблемаларды шешуге бағытталған», - деді министр.

Бағдарлама аясында шағын несие ретінде 7 жылға 6%-бен 8 мың АЕК  (18 млн теңге) беріледі. Нарықта шағын несие мөлшері 22%-дан 35%-ға дейін екенін ескерсек, бағдарлама бизнес жобаны іске асыруда ең тиімді ұсыныс болып есептеледі.

Сондай-ақ, кәсіп ашып, бизнесті жолға қойғысы келетіндер үшін «Бизнес бастау» жобасы бойынша арнайы оқыту ойластырылған. Кәсіп ашуға оқытуды «Атамекен» Ұлттық  кәсіпкерлер палатасы қолға алып жатыр. Оқыту бағдарламасы кәсіпті жүргізудің негіздерін үйрететін бір айлық сабақтан тұрады. Онда қатысушыларға 16 мың теңге бірреттік шәкіртақы төленеді және қаржы институттарынан қаражат алу үшін, бизнес жоба әзірлеуге көмектеседі. Жыл сайын оқытылатын адам саны республика бойынша 30 мыңды құрайды. Бірінші жылы 15 мың адамды қамтымақ.

Оқыту бағдарламасының басты мақсаты - қазақстандықтарды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерге немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру. Оқыту үшін мемлекет азаматтарды оқуға кететін шығындарды жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеледі. Оқу аяқталған соң бағдарлама қатысушысының білімі мен шеберлігі, меңгерген дағдылары тәуелсіз бағалаудан өтіп, нәтижесінде оларға сертификаттар беріледі. Сертификат алғандар өздігімен жұмысқа орналаса алады және бос жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне жіберіледі. Сондай-ақ, оларға несие алып, дербес іс ашуға мүмкіндік туады.

Осылайша, Үкімет шағын және орта бизнесті дамытудың тағы бір тың қадамына жол ашуға кірісіп отыр. Әрине, бизнестің осы санатындағы үлесті дамыту үшін әлі де бірқатар шаралар атқарылуы тиіс. Дегенмен, депутаттар кәсіпкерлікке қатысты кедергілер әлі де жойылмай отырғанын алға тартып, жүйелі жұмыстарды жалғастыра түсу қажеттігін айтады. Мысалы, депутат Нұртай Сабильяновтың сөзіне қарағанда, соңғы бес жыл ішінде рұқсат беру құжаттарының саны 3 есеге қысқартылған. Алайда, кәсіпкерлерді тексерушілер әлі де тыйылмай отыр. Тексерушілер арасында салық органдары көш бастап келеді. «Былтыр тексеру нәтижелері бойынша он мемлекеттік орган кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзудың 1,5 мыңнан астам фактісіне жол берген. Мұндай тәсілді тыймасақ шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мақсатына қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан біз елімізде кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін барлық проблемаларды заңнамалық деңгейде шешуіміз қажет»,- дейді депутат.

Бұл ретте Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында қолданыстағы салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру қажеттігін де алға тартады. «Салықтық жеңілдіктер жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан, ішкі нарықты толтыру әрі елдің экспорттық әлеуетін ұлғайту үшін бәсекеге қабілетті өнім шығарылатын салаларға берілуге тиіс. Жалпы мемлекеттік жүйелі шаралардың белгілі бір нәтиже беретінін атап өткім келеді. Дегенмен де, кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасау үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз қажет. Кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бөлінетін бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына ерекше назар аударылуға тиіс»,- дейді депутат Сабильянов.

Түйіндей айтсақ, қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің 25%-ын құрайды. Ал жүктелген меже кемінде 50 пайызға жеткізу. Ендеше бизнестің жолын ашып, жүгін жеңілдету арқылы бұл көрсеткіштер алдағы уақытта еселене түсуі шарт. Сондықтан да, облыс әкімдері, жұмыспен қамту орталықтары Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жұртшылыққа мемлекеттік қолдау көрсету үшін тиісті шараларды қолға алуы қажет. Өйткені, жаппай кәсіпкерлік өріс алса, миллиондаған жұрт «жұмыссызбын» деп мемлекетке телмірмей, өз ісін өзі дөңгелетуге бейімделетін еді. 

Соңғы жаңалықтар