Жапонияның болашақ императоры Қазақстанның экономикалық саясатына баға берді

None
None
БЕЙЖІҢ-ТОКИО. ҚазАқпарат - Бүгін Жапония Император сарайының хаттамасына сәйкес, Жапонияның тақ мұрагері Нарухито ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаевты қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Әңгіме барысында ханзада Нарухито 1994 жылдың сәуірінде Жапонияға ресми сапары кезіндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуін еске алды. Болашақ император Қазақстан Президентінің 2016 жылғы Жапонияға ресми сапарының қорытындыларын жоғары бағалады. Сол сапар барысында Мемлекет басшысы Жапония Парламентінде сөз сөйлеп, Хиросима қаласына барған болатын.

Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев ханзаданы Президент Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі тұстарымен таныстырды. Нарухито Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға  және шикізатқа тәуелділіктен арылуға бағытталған саясатының көрегендігін атап өтті.

Жапон ханзадасы екі елдің Ұлы Жібек жолы арқылы жасаған тарихи қатынастары және орал-алтай тілдері тобындағы қазақ және жапон тілдерінің байланысы жайлы пікірін бөлісті.  

Қазақстандық дипломат былтыр Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қорытындылары, Қазақстанның білім, мәдениет және спорт салаларындағы жетістіктері жайлы әңгімеледі. Ханзада Нарухито Астананың 20 жылдағы даму қарқынына, Назарбаев Университетінің қызметіне аса қызығып отырғанын айтты.

Еске сала кетейік, тақ мұрагері Нарухито 2019 жылғы 1 мамырдан бастап Жапония императоры болады. Қазіргі император Акихитоның тақтан бас тарту рәсімін 2019 жылдың 30 сәуірінде өткізу жоспарланған. Жапонияда император 200 жылдан бері алғаш рет өз еркімен тақтан бас тартқалы отыр, бұған дейін 1817 жылы император Кокаку билікті өз қалауымен ұлына тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар