Жапондық бизнесмендер АЭА жобаларына қызығушылық танытты - Қарағанды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда әлеуетті инвесторларға еліміздің Арнайы экономикалық аймақтарын таныстырған род-шоу өтті. Форумға Жапониядан келген делегация және Қазақстандағы ірі халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты.

Шетелдік қонақтар қазақстандық әріптестерімен жақынырақ танысып, ортақ қызығушылықтарды анықтап байланыс орнату мақсатында келген, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты . 

Халықаралық форумды Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы ұйымдастырды. 

 - Біз АЭА және индустриалды аумақтарға арналған осындай форумды алғаш рет өткізіп отырмыз. Оның мақсаты - тәжірибе алмасу және инвесторларды іздеуге көмектесу. Мұнда алыс шет елдерден келген қонақтар бар, ауқымды жапондық делегация келді, - деді «Kazakh Invest» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев. - Бүгінгі род-шоу республикамыздың АЭА басқару компаниялары, АЭА резиденттері, құзырлы мемлекеттік органдар тарапына да, әлеуетті отандық және шетелдік инвесторлар жағына да тікелей келісім жүргізуге арналған алаң болып табылады. 

  Жапондық бизнесмендер серіктестік құруға қызығушылық танытты. 
- Қазақстан - инвестициялық әлеуеті зор ел. Жапония мен Қазақстан арасында сауда саласында өте жақсы қарым-қатынас орнаған - нәтижелілік 9 есе өсті. Алайда инвестициялық серіктестік соншалықты белсенді емес, - деп атап өтті ROTOBO Ресей және ТМД экономикасының ҒЗИ директоры Мики Вадзима. - Біз инвестициялық серіктестік орнату үшін басым бағыттарды таңдап алдық. Ол - сумен қамту, суды тазарту саласындағы экология мен технология. Бұл кездесу қазақстандық әріптестермен жақынырақ танысуға, өзара тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. 
Форумда Қазақстанның АЭА электронды интерактивті картасының сынама түрі таныстырылды. Ол қарағандылық «Сарыарқа» АЭА негізінде құрылған. Картада қолжетімді, бос жер телімдері, компаниялардың байналыс мәліметтері келтірілген. Интерактивті база инвестициялық жобаның жүзеге асу деңгейін және инфрақұрылымдар құрылысының кезеңдерін көруге мүмкіндік береді. 
 
  Шетелдік қонақтарға Алматы, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қалаларының АЭА таныстырылды. Сонымен қатар «Сарыарқа» АЭА-да жүзеге асырылған сәтті жобалардың бірі - «RecyclingCompany» ЖШС-нің ескі көліктерді жоюмен айналысатын зауыты көпшілік назарына ұсынылды. 

Соңғы жаңалықтар