Жанбота Алдабергенова: Арманым Олимпиада медалі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Төртжылдықтың басты додасы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарына санаулы ғана күндер қалды.

Төрткүл дүние көз тігетін жаһандық жарыс басталмас бұрын осы Олимпиадада фристайлдың акробатика түрінен ел намысын қорғайтын Жанбота Алдабергеновамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Спортшы осыдан бірер күн бұрын Алматыға келіп, Қазақстан құрамасын Олимпиадаға арнайы шығарып салу рәсіміне қатысқан болатын.

- Жанбота Еркінқызы, Олимпиадаға санаулы күндер ғана қалды. Қандай көңіл күйдесіз?

- Көңіл күйім өте жақсы. Олимпиада жақындаған сайын тағатсыздана күтіп жүрмін. 2017 жылы ақпан айы мен үшін сәтті басталған еді. Өздеріңіз де білесіздер, былтырғы жылы осы уақытта әсем қаламыз Алматыда өтетін Дүниежүзілік Универсиада ойындарына қызу дайындық жүріп жатқан еді. Міне, биыл Олимпиада ойындарына қызу дайындалып жатырмыз. Универсиада жекелей сында бір қола медальға қол жеткізсем, араға бір күн салып, командамызбен бірге алтын жүлдені ұтып алдық. Дүниежүзілік Универсиада ойындары да тура апқан айының басында басталды. Міне, Олимпиада ойындары да тура сол уақытта өткелі отыр. Өткен жылы ақпан айы қалай жемісті болса, биылғы ақпан айы да сондай жемісті болса екен деп тілеп жүрмін.

- Демек, биыл да ақпан айында сол жетістіктерді қайталасам дейсіз ғой...

- Әрине, солай болып жатса, ел сенімі ақталатын, ақтүйенің қарыны жарылатын құтты ай болар еді. Себебі, басты мақсатым, яғни арманым - Олимиада медалі. Олимпиада айы спортшыларымызға сәттілік әкелсін деп тілей беріңіздер.

- Осы Олимпиадаға жолдама алудың өзі үлкен еңбекті қажет етеді. Сіз қандай биіктерді бағындырып, басты додаға қатысуға мүмкіндік алдыңыз?

- Біз бір ғана әлем чемпионатына немесе әлем кубогына ғана қатысып, жолдамаға қол жеткізе алмаймыз. Осы мәртебеге жету үшін бір жыл бойы әлем кубогына қатысып, барлық кезеңдердегі нәтижеміздің жалпы қорытындысы бойынша іріктелеміз. Сондақтан әр кезең біз үшін маңызды.

- Ол әлем кубогы қанша кезеңнен тұрады? Сіз нешеуіне қатыстыңыз?

- Жалпы, алты кезеңнен тұрады. Мен соның бес кезеңіне қатысып, Олимпиадаға жолдама алдым.

- Қазір қайда жаттығып жатырсыз? Дайындығыңыз қалай?

- Дайындығым өте жақсы. Біз үшін әлем кубогының әр кезеңі үлкен жаттығу. Сондықтан көбінде әр елде, әр түрлі тау беткейлерінде жаттығамыз. Қазір соңғы дайындығымды Ресейде өткізіп жатырмын. Бұл жолы Алматыға бірер күнге Олимпиадаға арналған киім-кешегімді алып кетуге келген болатынмын. Соңғы жаттығуымды Ресейде жалғастырып, ақпанның басында Олимпиадаға жол тартамын.

- Олимпиадада қай елдің спортшыларын басты қарсылас деп санайсыз?

- Қанша елден спортшы келеді, соның барлығы бізге қарсылас. Соның ішінде Қытай, Ресей, Беларусь және жарыс қожайындары осы Олимпиададағы ең басты қарсыластар деп айтуға болады.

- Бұл сіздің бірінші Олимпиадаңыз емес. Сочиде 6-шы орынға қол жеткізгеніңізді жақсы білеміз. Екінші рет қатысқалы отырған басты додада жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігіңізді бағалап көрдіңіз бе?

- Барлығы бір Алланың қолында. Бағым мен бабым қатар шауып жатса, неге медаль алмасқа?! Бар спортшының арманы Олимпиадада медаль алу. Сол бақыттың дәмін тату менің де арманым. Биыл бар күшімді жинап, биіктен көрінуге тырысам.

- Енді, кері шегініп, қары жұқа түсетін Оңтүстік өңірінен осы спорт түріне қалай келгеніңізді есіңізге түсіре кетсеңіз?

- Менің бұл спортқа келуіме 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Қысқы Азиада ойындары басты себеп болды. Сол байрақты бәсекеде спорттың осы түрін телеарнадан көріп, қатты қызықтым. Кейін уақыт жоғалтпай осы спорт түріне барып бақ сынап көруді жөн санадым. Қызығушылығыммен табандылығымның арқасында меңгеріп алып, ары қарай жалғастырып кеттім. Соның нәтижесі міне, екінші Олимпиадама аттанғалы отырмын. Көптеген додаларда жүлделі болдым.

- Бұл спорт сізді несімен қызықтырды? Қазақтың қарапайым нәзік қыздарына аспанда қалықтап, шыр көбелек айналып секіру қорқынышты болған жоқ па?

- Әр спорттың өзіндің қиындығы бар. Бар ынта-жігеріңмен беріле кіріскен істен нәтиже болады екен. Ең бастысы - жүректілік, батылдық, табандылық керек.

- Фристайлға дейін немен айналыстыңыз?

- Спорттық гимнастикамен айналыстым. Кейін бұл спорт түрінен мақсатыма жете алмайтынымды анық байқадым. Сосын фристайлды таңдадым.

- Спорттық гимнастикадан қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?

- Спорт шебері атағына ие болдым.

-Әңгімеңізге рахмет! Олимиадада жүлделі болуыңызға тілектеспіз.

Соңғы жаңалықтар