Жаңаөзендегі жол апатынан жапа шеккендерге 20 млн теңге бөлінеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында тепловоз бен «Газельдің» соқтығысуы салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетіледі. Мұндай тапсырманы бүгін аппараттық кеңесте аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол апаты 25 қараша күні Жаңаөзен маңындағы Теңге елді мекенінде болды. Тепловоз бен «Газельдің» соқтығысуы салдарынан 9 адам ажал құшып, 27-сі жарақаттанды.  

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлығы 20 млн теңге бөлінеді. Атап айтқанда, қаза болғандардың отбасыларына - 1 млн теңгеден, ауыр халде жатқан 9 адамға - 500 мың теңгеден, жапа шеккен 18 адамға 300 мың теңгеден беріледі. 

Сонымен бірге аппараттық кеңес барысында облыстағы барлық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің біркүндік жалақысын жол апатынан зардап шеккендердің отбасыларына аудару туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, аталмыш жол апатына байланысты Жаңаөзен қаласының әкімдігі жанынан 15 адамнан тұратын комиссия құрылды. Олар көз жұмған және жараланған отбасыларға көмек көрсету мәселелерімен айналысады.

Сондай-ақ материалдық көмек көрсету үшін қайырымдылық қоры құрылды. Комиссия мен қайырымдылық қорының жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тікелей қадағалайтын болады. 

Соңғы жаңалықтар