Жаңаөзендегі сауда орталығына бомба қойылды деп жалған хабарлаушы сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңаөзенде сауда орталығына бомба қойылды деп қоңырау шалған адам сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңаөзен қалалық сотында С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы С. мас күйінде, отбасындағы қиыншылықтардан туындаған күйзеліс жағдайында Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығының №102 нөміріне қоңырау шалып, «Жаңаөзен қаласы, «Самал» шағын ауданында орналасқан «Зиба» сауда ойын-сауықтыру кешені ғимаратының жертөлесінде жарылғыш зат бар, ол 5-6 минуттан кейін жарылады», деп қоңырау шалған.

Сот отырысында С. терроризм актісі туралы қасақана жалған хабарлағанын мойындайтынын жеткізді. Оның кінәсі айғақтармен дәлелденді.

«Жаңаөзен қалалық сотының үкімімен С. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша айыпты деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы  тағайындалды», деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар