Жаңақорғандағы мектеп асханасында балалар астан уланды
Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Эпидемиологиялық тексеру жаппай улануға тамаққа қосылған қарақұмық және жұмыртқаның себеп болғанын көрсетті. Тамақты ішкен балалар 2-3 сағаттан соң-ақ, ауру белгілерімен Келінтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаторияға медициналық көмекке жүгінген. Оларға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді.
Орталық аудандық ауруханаға 4 бала жеткізілді. Сол сәттегі балалардың жағдайы орташа деңгейде болған, жүрек айнып, іштері өткен.
«Бүгінгі таңда, 21 баланың жағдайы қанағаттанарлық, олар үйлерінде медициналық бақылауда. Ауру ошағы болған жерде зерттеу жүргізілуде, азық-түліктер тексерілуде, қоршаған ортадан бактериологиялық қалдықтар, асханадан бактериологиялық жұғынды алынуда», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.
Әзірше оларға алдын ала сальмонелла тудырған тағамдық таксоинфекция диагнозы қойылды.
Әділжан Үмбет