Жаңа жылдан бастап дәрігерлер мен ұстаздардың жалақысы 29%-ға дейін өседі - Т.Дүйсенова
"2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің жаңа еңбекақы жүйесін енгізгелі отырмыз. Бұл жүйені енгізу - Мемлекет басшысының тапсырмасы. Осы жаңа жүйеге сəйкес, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы 7%-дан 28%-ға дейін, ал білім саласында жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысы 15%-дан 29%-ға дейін, мəдениет, спорт саласында, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген азаматтардың жалақысы орташа есеппен 40%-ға дейін өседі", - деді журналистердің сұрағына жауап берген министр. Т.Дүйсенованың айтуынша, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі əлеуметтік қызметкерлерді төрт категорияға бөліп қарастырады. "Жалпы, бұл жүйе 2010 жылдан бастап дайындалған жүйе. Жүйе нақты қандай өзгерістер əкелді дегенге келсек, қазір қолданыстағы жүйеде дəрігер болсын, мұғалім болсын, əлеуметтік қызметкер болсын, олардың еңбек өтілі бірдей болса, олар бір категорияда тұратын. Яғни, еңбекақысы бірдей есептелетін. Бірақ əр саланың өз ерекшелігі бар, жұмыстың көлемі бар. Сондықтан жаңа жүйеге сəйкес, еңбекақыны біз төрт функционалды блокқа бөлдік. Яғни, білім саласын бір блокқа, денсаулық саласын басқа блокқа бөлдік", - деп түсіндірді министр.