Жаңа жылда әлеуметтік салада өзгеріс көп болмақ - Тамара Дүйсенова

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңа жылда әлеуметтік салада өзгеріс көп болмақ. Бұл туралы БҚО-ға жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қаласындағы жұмыспен қамту орталығында болып, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да ірі кәсіпорындар басшыларымен кездескен министр облыстық мәслихатта өткен кеңеске қатысты.
null

Жиынды ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Елбасы тапсырмасына сәйкес әлеуметтік салада алда тұрған жұмыстарды бірлесіп атқарудың маңыздылығын атап көрсетті. Сондықтан бұл кеңеске қала мен аудандар басшылары, олардың орынбасарлары, сондай-ақ ауыл әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері шақырылғанын жеткізді.
null

Тамара Қасымқызының атап өткеніндей, алдағы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің енгізілетіні белгілі. Оған қоса 1 шілдеден базалық зейнетақы көлемі өседі. Сонымен қатар әйел азаматтардың зейнетақы жасындағы өзгерістер де 2018 жылдан басталады. Сол себепті сала алдында үлкен өзгерістер тұр. Осыған орай өңірлерді аралап жүрген министр жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізу мәселесіне жан-жақты тоқталды.

«Атаулы әлеуметтік көмек берудегі өзгешелік, енді бұрынғыдай тек қаржылай түрде берілмейді. Бұдан былай оларды әлеуметтік жұмысқа орналастыру немесе оқуға жіберу, сондай-ақ несие беру қарастырылады. Егер сондай отбасылардағы еңбек жасындағы азаматтар осындай мүмкіндікті пайдаланып, жұмысқа бармайтын болса, онда АЕК тоқтатылады. Сол секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың да әлеуметтік көмектен шет қалмайтыны түсінікті. Осыған орай өңірде 750 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалынған. Бұл шаруалардың барлығы енді жұмыспен қамту орталықтарында атқарылады. Сондықтан жұмыспен қамту орталықтары әр отбасын қабылдаумен қатар ондағы әрбір адаммен жеке-жеке жұмыс жасай білуі керек. Және жұмыс автоматтандырылған жүйемен жасалуы тиіс. Өзін-өзі қамту мәселесі де ерекше маңызды. Осыған орай Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын әр өңір тиянақты түрде жүзеге асыруы қажет. Бұл ретте облыс әкімдігі, барлық мүдделі ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар туындаған мәселелерді шешу бағытында бірлесе жұмыстануы керек. Сонымен қатар қазіргі таңда зауыт, кәсіпорындарға, мекемелерге жаңа технологиялар енгізіліп, жаңғыртулар жүргізіліп жатқаны белгілі. Сондықтан оларда жұмысшылар саны азайып, жаңадан мамандар шақыртылуы мүмкін. Мұндай жағдайда әр кәсіпорынның жол картасына сәйкес жұмыстануы маңызды. Біріншіден, сол адамды алып қаламыз, оқытамыз десе, оның ақысының 70 пайызын мемлекет, 30 пайызын жұмыс беруші төлейді. Екіншіден, жас мамандарды жұмысқа тартамыз немесе әлеуметтік жұмыс орындарын ашамыз десе, сондай жеңілдіктер қарастырылған. Міне, осындай маңызды міндеттерді уақтылы орындаудың маңызы зор», деді Тамара Дүйсенова.
null

«Жаңа жылға дейін бір айдай уақыт қалды. Бүгін министр келіп, кеңестерін беріп, сын-ескертпелерін айтты. Осыны негізге ала отырып, қалған уақытты тиімді пайдалануымыз керек», деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
null

Айта кетейік, жаңа форматтағы АӘК-ті енгізу мақсатында облыста «Өрлеу» жобасы үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. 2015 жылдың 1 шілдесінен Ақжайық және Бөрлі аудандарында әлеуметтік келісімшартпен 31 отбасы (135 адам) қамтылса, өткен жылы бұған барлық аудан қатысып, 256 отбасыға (1333 адам) жетті. Биылғы 1 қарашаға дейін «Өрлеу» жобасына 566 отбасы (2806 адам) тартылды. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 138,146 млн теңге, жергілікті қазынадан 84,1 млн теңге қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар