Жаңа заң жобасы адвокатура саласына серпін берер деген сенімдемін - Джохар Өтебеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі адвокат Джохар Өтебеков «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң жобасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Адвокатура саласына өзгеріс енгізу қажеттігі бұрыннан бері туындаған болатын. Өкінішке орай, адвокатура өздігімен жұмысын ретке келтіру бағытында жұмыс атқара алған жоқ. Сол себепті, мемлекеттің бұл саланы қолға алмасқа шарасы қалмады. Заң жобасы адвокатура саласына жаңа серпін берер деген сенімдемін. Бірінші кезекте, онда қарастырылғанындай адвокаттар алқасына ену үшін алғашқы жарна төлеу (800 мың теңге - авт.) міндетін алып тастауды қолдаймын. Бұл қадам авдокаттардың санын көбейтіп, өзара бәсекелестікті күшейте түседі, адвокатура саласын жасартады», - дейді Джохар Өтебеков.

Сонымен қатар, ол адвокаттардың жұмысын жеңілдететін заң жобасының тағы бір тармағы туралы сөз қозғады. 

«Адвокаттар президиумының, аймақтық адвокаттар алқасының мүшелері мен төрағаларының басшылық мерзімінің қысқаруын қос қолдап қолдаймын. Өйткені, өкінішке орай, бұл салада тығырыққа ұқсас жағдай қалыптасқандықтан, нақты реформа керек. Көптеген президиумның мүшелері 20 немесе 30 жыл бойы отырғандықтан, ештеңе өзгеретін емес», - дейді ол.

Джохар Өтебеков сондай-ақ, заң жобасының келіспейтін тұстары туралы да сөз қозғады.

«Көптеген әріптестерімізбен адвокаттардың тәртіптік комиссиясының құрамында Әділет министрлігі өз өкілдерін енгізгелі жатқанына қарсылық білдіріп жатырмыз. Себебі, бұл тұрғыдағы қадам өзін-өзі реттеу бағытындағы заңға қайшы келеді. Адвокатура өзін-өзі реттейтін ұйым. Қазіргі уақытта адвокаттар алқасының жұмысында адвокаттардың үстінен түскен шағымды қарау жабық түрде өтеді. Әлбетте, бұл жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Компромис ретінде тәртіптік комиссияның отырыстарын ашық түрде өткізу жөн деп білемін. Отырыстың бір дауысы бар құқықтық тұрғыда Әділет министрлігінің өкілдерінің БАҚ пен Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін де шақырылуына қарсылық айтпас едім», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін Астанада Қазақстан заңгерлер одағының екінші съезі өтіп жатыр. Шара барысында «Заңгерлердің этикалық кодексі» мен Заңгерлер одағының 5 жылдың жұмысының есебі таныстырылмақ.

Соңғы жаңалықтар