Жаңа су қоймасы СҚО-ны тасқыннан қорғайды - ІІМ министрінің орынбасары

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Жаңадан салынатын су қоймасы Солтүстік Қазақстанды тасқыннан қорғайды. Бұл туралы аталған өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жұмыс есебі тыңдалған отырыс алдында Юрий Ильин Петропавлға жақын Кожевенный кенті мен Прибрежное ауылдарын аралап шықты. Бұл жерлерде өткен жылы дамбалар салынған. Осылайша, Есіл өзенінің тасуынан халықты қорғау көзделіп отыр. Өткен жылы дәл осы елді мекендердің халқы тасқыннан көп зардап шеккен болатын.

«Өткен жылғы жағдайдан кейін ҚР Үкіметінің қорынан дамбаның құрылысы үшін ақша бөлінген. Салынатын дамба халықтың тыныш өмір сүруіне сеп болар деген сенімдеміз. Жұмыс сапасына компания кепілдік беріп отыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, «Қазгидромет» қазіргі уақытта қар қоры бойынша болжам жасап, қауіпті деген бөліктерді анықтау үстінде.

«Шынайы жағдайдың қандай екенін анықтау үшін жұмыс жүргізетін боламыз. Бүгінгі күннің өзінде өткен жылмен салыстырғанда қардың екі есе аз түскенін айта кету керек. Қардың аз мөлшерде түсуі өзен арнасын суға толтыра қоймайды деп күтіп отырмыз», - дейді Ю.Ильин.
Десе де, ол қар аз түсті екен деп, қамсыз отыра бермеу керектігін ескертті.

Ал СҚО әкімінің орынбасары Антон Федяевтің айтуынша, тасқынға дайын болу - жергілікті биліктің алдағы жылғы басты тапсырмаларының бірі.

«ҚР ІІМ көмегімен соңғы 3 жылда аймақ 56 техника, атап айтқанда автогрейдерлерді, бульдозерлерді, тралдары бар тартқыштарды, сорғы құрылғыларын, кез келген жолмен жүруге қабілетті техникаларды алды. Тасқын кезінде олардың көмегі көп тиді. Жергілікті бюджеттің көмегімен біз өткен жылы қарды тазалауға және сорғыға бейім 29 трактор алдық. ІІМ-нің арқасында соңғы екі жылда халықты апаттардан қорғау мақсатында 20 жобаны жүзеге асырдық. 4 шақырымдық дамбы салдық. Ол Петропавл қаласының 4 мың тұрғынын қауіптен қорғайды», - дейді Антон Федяев.

Ю. Ильин өз сөзінде Есіл өзені бойынша Бұзылық су қоймасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары әзірленіп жатқанынын атап өтті. Ол Ақмола мен Қарағанды облыстарынан ағып келетін 1 млрд кубометр суды сақтап, уақтылы жіберіп отыратындай қауқарда болмақ. Осының нәтижесінде СҚО-да тасқын кезінде төтенше жағдайдың туындау қаупі де азаяды.

Соңғы жаңалықтар