Жаңа Салық кодексінде идеология өзгереді - Руслан Дәленов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде жаңа Салық кодексінің және оған іліспе заңдардың жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жобаны әзірлеуде «Атамекен» палатасы мен басқа да бизнес өкілдері қатысты. Бизнестің барлық негізделген ұсыныстары Кодекс жобасында ескерілді. Жалпы, Кодекс жобасында идеологияны өзгерту, ынталандыруды енгізу мен әкімшілендіруді жеңілдету көзделді. Идеология адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталатын болады. Экономиканың әртүрлі салалары ынталандырумен қамтылып, әкімшілендіру жеңілдетіледі және салықты өз бетінше төлеуге ынталандырады»,-деді таныстырылым барысында ҚР Ұлттық экономика бiрінші вице-министрі Руслан Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда, барлық түсініксіз тұстары мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешіледі. Мұндай қағидат салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік береді. Егер де салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және оның салдарынан ұстаным өзгерсе, онда айппұлдар мен өсімпұлдар салық төлеушіге салынбайды.

«Кей кездерде салық төлеуші заңнама талаптарын түсіндіріп беру туралы тисті органға барып жүгініп, айтқан кеңестер бойынша әрекет етеді. 2-3 жыл өткеннен кейін салықтық тексеру келіп, бұрындары жасалған түсіндірулер дұрыс болмағанын алға тартып, салық төлеушіге айппұлдар мен өсімпұлдарды үстемелеп есептеп береді. Осыған байланысты бұндай жағдайда аталған санкцияларды қолданбауды ұсынамыз»,-деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар ол бизнеске заңнамадағы өзгерістерді зерделеуге көбірек уақыт берілетінін жеткізді. Осы орайда түзетулерді 1 шілдеден кешіктірмей қабылдау ұсынылады.

«Жыл бойы көптеген түзетулерден қорғауға бағытталған шара енгізілмек. Атап айтқанда, барлық туындаған түзетулерді шоғырландыра отырып бір заң жобасымен енгізу ұсынылып отыр. Бұл бизнестің салық кодексіндегі барлық өзгерістерден хабарлар болуына мүмкіндік берді»,-деді Дәленов.

Осы Кодекс жобасындағы артықшылықтарға тоқталған ол, бұл жобаны бизнес өкілдері бизнес үшін жазғанын, сондықтан саладағы көптеген кедергілер жойылатынын қадап айтты.

Соңғы жаңалықтар