Жаңа мұнай өңдеу зауытын кімдер салады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысатын инвесторлар бар екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саладағы маңызды шаралардың бірі - ол Қазақстандағы жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды, олар өз кезегінде техникалық-экономикалық негіздеменің жобасын пысықтап жатыр. Аталған жобаны «ҚазМұнайГаз»  тапсырды. Осы техникалық-экономикалық негіздеменің жобасы аясында екінші жартыжылдықта зауытың орналасатын жері мен параметрі, сондай-ақ жобаны қаржыландыру бағыттары айқындалады», - деді министр үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуі барысында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде алдын ала жеке компаниялармен келіссөздер жүріп жатыр. Осы орайда, аталған зауыт құрылысына қатысуға ниетті инвесторлар да бар. Сонымен қатар бүгінде жобаны қаржыландыру шаралары да пысықталып жатыр.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  9 ақпан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты шешім қабылдауды жеделдету қажеттігін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар