Жаңа магистралдық газ құбырының 80%-ы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының елімізді әрі қарай газбен қамтуын жалғастыру бастамасы Қарағанды облысының тұрғындары үшін де үлкен маңызға ие. Көгілдір отынды облыстағы 6 ірі қала мен 120 ауылдық елді мекен алады. Ол жайлы Ерлан Қошанов Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамалары» халыққа Жолдауын талқылау бойынша актив жиналысында айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасы Қараөзек - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана арқылы магистралдық газ құбырын салу бойынша жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Оның басты мақсаты - Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған батыс кен орындары есебінен облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету және еліміздің бірыңғай газ тарату жүйесін кезең-кезеңімен дамыту болып табылады. 

«Біз барынша экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әсерді сезінетін боламыз. Газ құбыры трассасының Астанаға дейінгі ұзындығы 1100 шақырымнан асады, оның 80%-ы - 820 шақырымы біздің облыстың аумағы арқылы өтеді. Халықты қамту көрсеткіші шамамен 1 млн адамды құрайтын болады. Ойланып қарасақ, ол облыс тұрғындарының 70%-ы, - деді Ерлан Қошанов. - Жоба шеңберінде Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтпаев, Саран және Шахтинск секілді облысымыздың ірі қалалары, сондай-ақ Абай, Жаңаарқа, Бұқар Жырау, Осакаров, Шет, Ұлытау аудандарының 120 елді мекені газбен қамтылады».

Сонымен қатар, отынның бағасы төмендеуі есебінен аймағымыздың өнеркәсібі жаңа екпінге ие болады, деп атап өтті облыс әкімі. Көгілдір отынға ауысу экологияны да жақсартуға мүмкіндік береді. 

Ерлан Қошанов газ құбырын салуға арналған жер телімдерін бөлуді уақтылы жүзеге асыруды қатаң тапсырды. Сонымен қатар облыста елді мекендер мен әлеуметтік мәдени нысандарды да газбен қамту бойынша жобалар жасала бастайды. 

Соңғы жаңалықтар