Жаңа Кедендік кодекс Қазақстанға ойыншық жеткізу ережесін күшейтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО жаңа Кедендік кодексіне сәйкес, Қазақстанға сырттан ойыншық жеткізу ережесі күшейе түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, шартты түрде шығаруға тыйым салуға қатысты тауарлар тізімін анықтауға Үкіметтің құзіреті бекітілді. Мәселен, балалар ойыншығы сынды белгілі бір тауар түрлерінің қауіпсіз екені, техникалық регламенттерге сәйкестігі расталған жағдайда ғана еркін айналымға жіберіледі», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекешев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, шартты түрде шығаруға тыйым салынған тауарлар тізімін құзырлы органдар әлі де талқылап жатыр.

«Бұл тізім әлі де жетілдіріледі және қазір мемлекеттік органдардың келісімінде жатыр. Онда балалар ойыншығы, гигиена заттары сынды өзге де тауарлар енеді. Бұл ең алдымен балаларға және адам тәніне қатысты. Тізім бекітілген соң, ресми түрде жариялаймыз», - деді Бекешев.

Еске сала кетсек, желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кедендік реттеу мәселелері бойынша үш заң жобасына қол қойды. Атап айтқанда, «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» Заң, жаңа Кедендік кодекс және оған ілеспе заң.

Соңғы жаңалықтар