Жаңа босанған әйелдер қандай қызметтерді SMS арқылы ала алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Босанған аналарға SMS-хабарламалар арқылы қызмет көрсету аясы кеңейіп келеді. Нақтырақ айтқанда, бұдан былай босанған аналар SMS-хабарлама арқылы сәбиді тұрғылықты мекен-жайына тіркей алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» іске қосқан пилоттық жоба бойынша, жаңа туған сәбиді тіркеу, жәрдемақыны рәсімдеу және баланы балабақша кезегіне тұрғызу жұмыстарын SMS-хабарлама арқылы жүзеге асыру жұмысының аясы кеңейе түсті. Бүгінгі таңда баланы тіркеу бойынша өтінім мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің интеграциясының арқасында автоматты түрде түседі. Сәби өмір есігін ашқаннан кейін ата-анасына бірден SMS-хабарлама жолданып, баланы тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу ұсынылады. Осылайша, адамдар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының кеңсесіне бармай-ақ баланың туу туралы куәлігін алады, босану бойынша жәрдемақы алуға шот нөмірін жібере алады, сондай-ақ балабақшаға кезекке тұрады», - деп жазды департамент директоры Фейсбуктегі парақшасына.

Мұрат Жұманбайдың жазуынша, аналарға заманауи әдіспен қызмет көрсету амалы мұнымен шектелмейді.

«Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиевтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның соңғы отырысында мемлекеттік корпорация көрсететін белсенді қызметтің аясын кеңейту туралы шешім қабылданған болатын. Нақтырақ айтқанда, бала туу туралы тіркеуден өткеннен кейін, оны сондай-ақ мекен-жай бойынша тіркеу туралы ұсыныс жазылған SMS жолдап отыру шешілді. Демек, бұдан былай қызмет алушы баланы қай мекен-жайға тіркейтіні туралы SMS-пен жазып жіберсе болды. Мәліметтердің растығы жүйеде тексеріліп, баспана иесінің рұқсаты алынғаннан кейін нәресте көрсетілген мекен-жай бойынша тіркеледі», - дейді ол.

Бұл қызметті алу үшін азаматтардың мобильдік базасына тіркелу қажет. Ол үшін Egov порталындағы жеке кабинет кіріп, ЖСБ (ИИН) нөмірін ұялы телефонның нөміріне байланыстыру керек немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады.

Мұрат Жұманбайдың хабарлауынша, ілкі жоба іске қосылғалы бері 18 мың анаға SMS-хабарлама арқылы құттықтау жолданған. Құттықтаумен бірге жас аналарға қызметті SMS-хабарлама арқылы алу мүмкіндігі ұсынылған. 7 мыңға жуық ана белсенді қызметті алуға келісімін берген. Қазіргі уақытта 2 мың баланың ата-анасына SMS-хабарлама арқылы сәбиінің туу туралы куәліктері беріліп, 777 сәби балабақшаға кезекке тұрғызылды.

Соңғы жаңалықтар