Жаңа әліпбиді білім жүйесіне енгізу тыңғылықты түрде пысықталып жүргізіледі - Ерлан Сағадиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім жүйесіне латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиін енгізудің әр кезеңі тыңғылықты пысықталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, бүгінде ғалымдар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы орайда емле-ереже керек, бізге грамматиканы жазып, қажетті сөздіктерді шығару керек, сондай-ақ терминологияны пысықтау қажет. Жалпы, белгіленген ауқымды жұмыс жүзеге асырылғаннан кейін, біз апробация процесін бастаймыз», - деп түсіндірді Е. Сағадиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда министр латын қарпіне көшу үдерісі іріктелген мектептерде, студенттік ортада жүргізілетінін атап өтті. Тек осындай тыңғылықты пысықталған шаралардан кейін ғана бірінші сыныпқа дейінгі және бірінші сынып ұстаздарын даярлау басталады.

«Барлық қажетті деген жұмыстар ескерілгеннен кейін ғана латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиін білім беру жүйесіне, мектептерде әрі университеттерде енгізудің кестесін талқылаймыз», - деп нақтылады министр.

Оның айтуынша, осы үлкен жұмыстың әрбір кезеңін ведомство мұғалімдермен, мектеп директорларымен, университет педагогтарымен, сарапшылармен талқылап, сәйкесінше ұсыныстар республикалық комиссияға жолданады.

«Бүгінде студенттік ортада, журналистер арасында еріктілердің кең шоғыры пайда болғанын байқап отырмыз, сондықтан апробация бұқаралық сипатқа ие болады деп ойлаймын»,-деді Е. Сағадиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Үкіметі қазақ тілінің латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобы құрылатанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар