Жамбылдық кәсіпкерлер жарнаманы қатесіз жасау үшін филологтарға құлақ түреді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз ономастикалық комиссиясы ұйымдардың аттарын, реквизиттерін, маңдайша жазбаларды, облыс орталығындағы көшелердің аншлагтары мен визуалдық ақпараттарды тексеріп шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ономастика саласындағы жұмыс әкімшілік-аумақтық бірліктердің, нысандардың аттарын, көрнекі насихат және ақпарат құралдарын реттеуді қамтиды, - дейді облыс әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова. - Біздің әдістемелік көмегіміз оларды «Тілдер туралы» Заң нормаларына сәйкестендіруге, тіл мәдениетін көтеруге қызмет етеді. Қаланы қатеге толы көрнекі жарнамалардан тазарту үшін рейдтер ұйымдастырылады. Мемлекеттік мекемелердегі маңдайша жазулардың сауатты болуын үзбей бақылап отырамыз. 2016 жылы 1762 мемлекеттік мекеменің 451-інде осындай қателер анықталған еді. Осыған байланысты әкімдік мамандарына маңдайша жазбаларды дайындамас бұрын басқармадан тиісті рұқсат алуды бақылау тапсырылды. Қазірдің өзінде 400-ден астам маңдайша жазбасы реттелді».

Басқарма басшысы елді мекендердегі көрнекі визуалдық ақпараттар (жарнамалар) да бақылауды екенін айтты.

«Сауатсыз аударылған мәтіндердегі қателермен күрескеннен гөрі олардың алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан басқармада «Жедел желі» қызметі ұйымдастырылды. Ол арқылы кәсіпкерлер көрнекі жарнамалар жөнінде тегін кеңестер алуына болады. Қазірдің өзінде сауатты аударуды қажетсінетін 120-дан астам мәтін келді. Облыстағы бизнес-құрылымдар өкілдерінің арасында «Сауатты жарнама - қала көркі» акциясы өткізіліп, оның аясында сауда орындары мен кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі жарнамаларында 176 заң бұзушылық фактісі анықталды. Олардың иелеріне «Тілдер туралы» және «Жарнама туралы» заңдардың талаптарын орындау қажеттігі түсіндірілді. Өткен жылы 2 357 нысанның иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 772 нысанда қателер анықталған болатын. Сол қателердің 583-і дұрысталған», - дейді Сұлушаш Құрманбекова.

Басқарма басшысы заңнама талаптарын бұзушылықтардың арасында тек бір ғана тілдегі атаулардың, аудармалардың қате екенін, пунктуациялық, орфографиялық қателерді, әріптердің түсіп қалатынын, сондай-ақ эстетикалық талғамға сай келмейтін жарнамалардың өріп жүргенін айтты. «Тілдер туралы» Заңның нормаларын бұзғандарға алдымен ескерту жасалады. Егер осы қателер бір жылдың ішінде қайта жасалса, шағын кәсіпкерлер мен коммерциялық емес ұйымдарға 10АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар