Жамбылда мәдениет мен дәстүрдің интерактивті картасы жасалмақ

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әкімдікте өткен жиынға  облыстағы  ҚХА секретариатының және «Қоғамдық келісім» ҚМК қызметкерлері, этнобірлестіктердің өкілдері мен БАҚ қатысты. Кездесуде облыс әкімі бірлестік төрағаларына гранттар тапсырды. Бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің озық үлгісін барша әлем мойындады. Елордамыз әлемде бейбітшілік орнату жолындағы келісім алаңы ретінде тағы да танылды.  Мемлекет басшысының биылғы сапары барысында 80-нен астам этнос өкілі мекендейтін аймақтағы келісім мен бірлік жарасымы тағы да паш етілді», - деді Кәрім Көкірекбаев.

Әкім сонымен бірге, Елбасы тапсырған нақты жобаларды іске асыруда Асамблеяның маңызды рөл атқарып отырғандығын жеткізді. Олардың қатарына «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», сияқты бірнеше жобалар кіреді.

Жергілікті ҚХА тарапынан Жамбыл облысының мәдениеті мен дәстүрінің интерактивті картасын жасау  және энциклопедиялар сериясын дайындау туралы ұсыныстар жасалды

«Тілдік реформаларды алға ілгерлетуде біздің этномәдени бірлестіктер алда болуы керек деп ойлаймын. Біз өз кезегімізде этномәдени  бірлестіктер облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде араласу үшін барлық мүмкіндіктерді жасап келеміз. Аталған  бірлестіктердің өңірдегі бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі зор»,- деді облыс әкімі.

Жиында меценаттар жасаған игі істер де аталды. Облыстық мәслихатттың депутаты  Юрий Минаков «Жомарт жан» төс белгісімен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз мәслихаты таратқан ақпаратқа сүйенсек,  қоғамдық өмірге белсене араласқаны және татулық пен келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін ҚХА мүшесі Мейрамбек Төлепберген мен «Насими» Әзербайжан мәдени орталығының жетекшісі Гүлханум Мұхаметжанова «Бірлік» алтын медальдарымен марапатталды. Этномәдени  бірлестіктердің өкілдері мен жетекшілеріне алғыс хаттар таратылды, сонымен бірге Жамбыл облысы әкімінің гранты тапсырылды.

«Бүгін Жамбыл өңірінде  80-нен астам түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Олар елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға өз үлестерін қосып, еңбек жолында ерен үлгі болуда. Отанға деген махаббат осындайдан көрінеді»,- деп түйді өз сөзін аймақ басшысы.

Жамбыл облысындағы ҚХА 1995 жылы құрылып, бір шаңырақтың астына 25 этномәдени бірлестікті жинап отыр. Аудандарды 73 бірлестік жұмыс істеп тұр.

Соңғы жаңалықтар