Жамбыл облысындағы жалғыз балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны азайып жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жыл сайын аймақтағы жетім балалардың және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалардың саны қысқарып, отбасылық үлгідегі балалар үйі артып келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазіргі таңда Жамбыл облысында тек бір ғана балалар үйі - Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйі ғана жұмыс істеп тұр, - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне облыстық әкімдіктің кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау ісі бойынша комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықов. - 2012 жылдан бастап Тараздағы «Ұлан» балалар үйі мен Мерке ауданындағы В.Савва атындағы мектеп-интернаты жабылды».

Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінде тәрбиеленушілердің өмірі мен білім алуына барлық жағдай жасалған. Балалар кішісі де, үлкені де бар «отбасыларға» біріккен. Мұндай отбасының әрқайсысы жеке блокта өмір сүріп жатыр. Олардың пәтерлерінде демалуға және сабақ оқуға арналған бөлмелері, жатын бөлмесі мен жуынатын бөлме бар. Блок заманауи техникамен жабдықталған.

Балалар үйінің ғимаратында мұражай, тігін цехы, өнер және қолөнер кабинеті, кітапхана, компьютер сыныбы бар. Жақында ғана Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің демеушілік көмегімен жаңа «Рухани Жаңғыру» кабинеті пайда болды. Айта кеткен жөн, өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелер бұл балалар үйіне белсенді түрде көмек көрсетіп келеді.

2017 жылдың басында аталмыш балалар үйінде 172 бала тәрбиеленген (157 мектеп оқушысы және 15 мектепке дейінгі білім беру жасында). Қазір олардың саны 123, олардың 38-і - жетімдер, 85-і - ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар. Бұл балалар үйінің әкімшілігі мен тәрбиешілері соңғы үш жылда 189 тәрбиеленушінің отбасыларын табуына көмектескен.

Б.Жақсылықовтың айтуынша, Жамбыл облысы отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашу қарқыны бойынша республикада көш бастап келеді. 2014 жылға дейін өңірде 2 осындай балалар үйі жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 12-ге жеткен. Жыл сайын оларды қаржыландыру өсіп жатыр. 2014 жылы 6,2 млн теңге, 2015-те - 23,9 млн, ал 2016 - 40 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, соңғы бес жылда оларға 277 пәтер кілті табыс етілген. 

Соңғы жаңалықтар