Жамбыл облысындағы қар көшкінінен мерт болған сарбаздардың өліміне кінәлі майор сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент гарнизонының әскери сотында Жамбыл облысындағы қар көшкінінің салдарынан сарбаздардың мерт болу оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы жағдай бойынша айыпталған майор Бақыт Шойбеков бүгін Қылмыстық кодекстің 453 бабы 2-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Алайда судья Гүлмира Усманова айыпталушының бұрын сотталмағанын, отбасында жалғыз асыраушысы және қайтыс болған сарбаздардың туыстары кешірім беруі сияқты бірқатар мән-жайларды ескере отырып, жазаны шартты түрде өтеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ майордың әскери шені де өзінде қалатын болды. Бұл үкіммен әскери прокурор келісетінін не болмаса наразылық келтіретіні жөнінде ешбір мәлімет жоқ.
null 

Еске салайық, айыпталушы Бақыт Шойбеков Жамбыл облыстық 91 678 әскери бөлімінің штаб бастығы қызметін уақытша атқарған. Қайғылы жағдай болған 17-ші ақпан күні ол ауа райының боранды болатыны туралы хабарламаны ескерместен, 15 сарбаз бен 2 қызметкердің Көксай шатқалындағы кезекті жаттығуға шығып кетуіне жол берген деп айыпталған болатын.

Нәтижесінде Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында жоспарлы әскери дайындық жүргізу барысында 15 әскери азамат қар көшкінінің астында қалып кеткен. 5 сағат көлемінде қар астында болғандардың 8-і құтқарылғанымен, 7-еуі ауа жетпей көз жұмған еді. Аман шыққандардың да денесі үсіп, біраз жарақат алған. Сот отырысы кезінде айыпталушының кінәсі толығымен дәлелін тапты. Бақыт Шойбеков соңғы сөзінде де өз кінәсін мойындап, оқыс жағдайдың болуын командирдің міндетін атқарушы ретінде әскери бөлімдегі барлық жағдайды толық қадағалай алмағандығымен түсіндірді. Сонымен қатар судьяға біраз жылдар бойы әскери қызметте мінсіз қызмет атқарғанын, отбасында кәмелеттік жасына толмаған екі перзенті мен жұмыссыз әйелі және мүгедек қарындасы бар екенін айтқан болатын.

null null null 

Соңғы жаңалықтар