Жамбыл облысында заңсыз діни бірлестіктің қызметі тоқтатылды
Жамбыл облыстық ІІД-нің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының, сондай-ақ Шу ІІБ-нің қызметкерлері Шу қаласының тұрғыны З.-ға тиесілі үйді тексеру барысында әйелдің үйінде тиісті мемлекеттік тіркеуден өтпеген діни жоралар, салтанаттар, жиындар өткізгенін, оларға жергілікті «Евангелие христиан баптистері» діни бірлестігінің қызметшілері мен мүшелері қатысқанын нақтылады.
Шу аудандық соты Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер жөніндегі заңнамасын бұзған З.-ға қатысты істі қарап, оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабының 1-бөлігінің 1-тармағында қарастырылған әкімшілік құқықбұзушылықты жасады деп таныды.
Оған 50 АЕК - 113 450 теңге көлемінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жазасы белгіленді. Аудандық «Евангелие христиан баптистері» сыйыну үйінің қызметі үш айға тоқтатылды.
Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Облыстық әкімдіктің мәліметтеріне қарағанда, Жамбыл облысында қызмет жүргізіп отырған 282 діни бірлестіктің 21-і Евангелие христиан баптистерінің шіркеуіне тиесілі.