Жамбыл облысында сенімгерлік басқаруға берілген нысан жұмыстарын бақылау күшейтіледі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген денсаулық сақтау нысандарының жұмысын бақылауды тапсырды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Өткен жылы 9 нысан сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді, - деді халықпен есепті кездесу барысында өңір басшысы, - олар «Рауан» балалар сауықтыру лагері, «Тараз тұрғын үй» ЖШС, 7 денсаулық сақтау нысаны. Тек осы нысандар бойынша ғана бюджет кірісі 13,5 млрд теңгені құрады.  Бұл нысандар тиісті деңгейде басқарылып жатыр ма? Соған назар аударғым келеді».

Өңір басшысы қаржы және денсаулық сақтау басқармасына сенімгерлік басқаруға берілген нысандар жұмысының мониторингін күшейтуді тапсырды.

«2017 жылы жекешелендіру аясында тағы да 16 ұйым заңдастырылатын нысандардың тізбесіне енгізілді, ол 2018 жылы аяқталады. Ведомстволық бағынысты ұйымдарды түгендеу жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша бәсекелестік ортаға 16 ұйымды беру ұсынылды, біреуі - республикалық меншікке, 3 кәсіпорын мемлекеттік мекеме болып қайта ұйымдастырылады, 13-і жойылады», - деп атап өтті К. Көкірекбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жамбыл облысында бәсекелестік ортаға ТКШ кәсіпорындары, спорттық клубтар, балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерлері беріледі. Тұтастай жекешелендіруге 45 нысан жатады, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру орталықтары, бірқатар облыстық, қалалық және ауданды газеттер бар. Жекешелендірудің екінші толқыны аясында 2014-2015 жылдары бәсекелестік ортаға 26 ұйымды берді, жергілікті бюджет 90,8 млн теңгеге толықты.

Соңғы жаңалықтар