Жамбыл облысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы мәлімет қайта жасақталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы базалық мәлімет үй-үйді аралау арқылы қайта жасақталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік салада Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы ерекше назарда тұр. Бағдарламаны жүзеге асыруға үстіміздегі жылы 9 млрд 871 млн теңге бөлінді. Бұл 14 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдың сегіз айында 17126 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарлама өз нәтижесін беруде. Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде тұрақтанды», - деді облыс басшысы.

Дегенмен, Кәрім Көкірекбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы сапарында  облыста нәтижелі жұмыспен қамту мәселесінің шешілмей отырғанына назар аударғанын еске салды.

«Бүгінде экономикалық белсенді тұрғындардың 42 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл ретте, өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың есебін нақтылау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Үй-үйді аралау арқылы осы санаттағы адамдарды қайта нақтылап, базалық мәліметтер өзектендірілетін болады. Салық органдарында тіркелуге жататын азаматтар жеке, шағын кәсіпкерлік субъектілері санатына ауыстырылады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар