Жамбыл облысында мұнай базасындағы өрттен зардап шеккен үшінші адам ауруханада қайтыс болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Меркі мұнай базасындағы өрт кезінде ауыр күйік алған үшінші жұмысшы қайтыс болды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Өрттен зардап шеккен үшінші жұмысшы электрик болып жұмыс істеген, 1974 жылы туған», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева.

Естеріңізге саламыз, 22 қыркүйек күні 18:30-да Меркі ауданының орталығы Меркі ауылында «Исабеков» ЖК мұнай базасы аумағында АИ-92 бензині құйылған 60 тонналық цистерна өртке оранды. Жалын 50 кубтық резервуар мен бос қоймаға тараған. Өрт 19:50-де сөндірілді, оған мұнай базасының өртке қарсы қызметі мен ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» ММ 35 адам және 6 техника жұмылдырылды.

48, 47 және 40 жастағы зардап шеккен үш жұмысшы өте ауыр жағдайда Меркі орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оларға атмосфералық жарақат, барлық дененің 2,3,4 деңгейде термиялық күюі, күйіктік шок, тыныс жолдарының 2-3 деңгейде күюі және денелерінің 90-100 пайызға күюі диагноздарын қойды. Тараз қаласынан №2 қалалық ауруханасының санитарлық авиация бригадасы жіберілді. Алайда, зардап шеккендердің ауыр жағдайы ескеріле отырып, оларды облыс орталығына тасымалдамай, қажетті процедураларды дәрілік заттар, қан препараттары, арнайы құрал-жабдықтары бар аудандық ауруханада жасауға шешім қабылданды.

26 қыркүйек күні денесінің 90-100 пайызын күйік шалған кәсіпорынның бас инженері, ал 28 қыркүйек күні Меркі мұнай базасының дәнекерлеушісі жан сақтау бөлімінде көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар