Жамбыл облысында қыста жол тазалауға 130 техника жұмылдырылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында жол тазалауға 130 техника жұмылдырылады. Бұл туралы және облыста қыз мезгіліндегі автомобиль жолдарының жұмысы туралы Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды ескерту бөлімінің жетекшісі Омар Тәкеевтің айтуынша, облыс трассаларында жолаушылар мен жүргізушілерге арналған 16 жылыту орны бар.

«Мұндай бекеттердің 10-ы республикалық маңыздағы бағыттарда орналасқан, тағы 6-уы облыстық жолдарда. Бұған қосымша жылыту орны ретінде жол бойында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары мен мектеп, мешіт сияқты нысандар да пайдаланылады. Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты барлық бөлімшелердегі қызметкерлер қыс мезгілінде қалай жұмыс істеу керектігіне, тиісті техникалар мен құралдарды қалай пайдалану қажеттігіне үйретілді»,-деді ол.

О.Тәкеев өткен жылы қыс мезгілінде өңірдегі автожолдарда 200-ден астам адам эвакуацияланып, 60-тан астам көлік қар құрсауынан шығарылғандығын айта кетті.

«Жылда қар қалың түсетін және боран болып тұратын аймақтарда коммуналдық қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылады. Жол полициясы инспекторлары да өздеріне бөлінген аймақтарды шолып жүреді»,-деді жетекші.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы автомагистральдарды тазалау жұмыстарына 133 техника дайындыққа келтірілген. Қауіпті жол аймақтарына арнайы адамдар бекітілген. Ауа райы бұзылған жағдайда тұрғындарға ескерту жасау жүйесі дайындалды. Республикалық автомагистральдардың бойына 800-дан астам «Жылдамдықты шекте», «Жол тайғақ» деген сияқты уақытша белгілер орнатылған.

Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысы қыс мезгіліндегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әзірлік жасап жатқанын хабарлаған болатынбыз. Өңірде қыста Жуалы ауданы жолдарында көлік қатынасы қиындайды. Әсіресе Шақпақ және Күйік асулары қауіпті. Сондықтан бұл аумаққа баса көңіл бөлініп отыр. Былтыр қар тазалайтын техниканың аздығынан бірнеше рет республикалық маңызы бар жол жабылып, 15 елді мекенмен байланыс үзілген болатын. Салдарынан мыңдаған көлік жолда қалған еді. Енді осындай жағдайдың алдын алу мақсатында облыста 130 техника дайындалып отыр. 

Соңғы жаңалықтар