Жамбыл облысында екі адамды өлтірген күдікті ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылында екі бірдей адам өлімі тіркеліп, қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облысы ІІД-інің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«21 қыркүйек күні  сағат 19:10-да Мойынқұм аудандық ІІБ-іне Ұланбел ауылдық учаскелік инспекторынан осы ауылдың 40 жастағы тұрғыны Ж есімді азаматтың мас күйде екі бірдей ауылдасын атып өлтіргені жайлы хабарлама келіп түскен. Ол 12-інші калибрлі тегіс ұңғылы аң аулайтын мылтықпен атқан. Оның 49 жастағы М және 44 жастағы К есімді екі көршісі қаза тапты. Сонымен қатар, 16 жастағы інісі К аяғынан жарақат алып, дереу Мойынқұм аудандық ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады құқық қорғау ведомствосының баспасөз қызметі.

 Оқиға орнына Мойынқұм аудандық ІІБ басшысының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Мақсат Жаманқұлов бастаған бес адамнан тұратын жедел топ келіп жетті.  

Тексеру барысында қарулы күдікті ауылдағы үйлердің бірінің алдынан табылды. Полиция машинасын көрген ол, көлікке қарай оқ атты. Оның қаруды қайта оқтауына  және екінші рет оқ атуына мүмкіндік бермеуге талпынған полиция подполковнигі Мақсат Жаманқұлов тәуекелге бел байлап, көлікті соған қарай бұрды. Соққыдан қаруын түсіріп алған күдікті дереу ізін жасыруға тырысты. Алайда, көліктегі полиция қызметкерлері оны ұстап үлгерді. Қазіргі уақытта қылмыс құралы тәркіленіп, екі адамды бірдей өлтірген Ұланбел ауылының 40 жастағы тұрғыны Ж полиция қызметкерлеріне кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Шу ауданындағы уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.  

Соңғы жаңалықтар