Жамбыл облысында балалардың жазғы демалысына 315 млн теңге жұмсалады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Биыл жамбылдық балалар мектеп жанындағы лагерьлерде, республикалық сауықтыру  орталықтарында демалатын болады.

Онда балаларға арналып түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жазғы демалыспен өңір оқушыларын 100 пайыз қамту жоспарлануда. Бұл 1-10 сынып аралығында білім алып жатқан 196 566 оқушы. Олардың арасында жетім, толық емес отбасы және мүмкіндігі шектеулі балалар санаттарына жатқызылған 60 451 оқушы бар.

Өңірде табиғаты ерекше Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Қордай, Меркі, Рысқұлов және Сарысу аудандарында  орналасқан  алты мемлекеттік және төрт жекеменшік сауықтыру лагері жұмыс жасайды. Қала шетінде орналасқан барлық лагерьлер заманауи құрылғылармен жарақтандырылып, ойын және спорттық алаңдармен, бассейіндермен жабдықталған. Сондай-ақ балалар үшін мектеп жанынан шатырлы лагерьлер, республикалық сауықтыру орталықтары, аулалық клубтар ашылады. Экскурсиялар, туристік бағыттар, спорттық жарыстар, үйірмелер мен еңбек жасақтары жұмыс жасайтын болады.

Әр мектепте  түрлі интеллектуалдық іс-шаралар жоспары әзірленген.  Білім беру қызметкерлерінің қатысуымен  қала шетіндегі лагерьлер мен мектеп жанындағы алаңдарда аға тәлімгерлер үшін оқу семинарларын өткізу жоспарлануда.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан 5 691 және 70 дарынды бала мемлекеттік бюджет есебінен ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалай алады.

Бұдан басқа, жаз мезгілінде қазақ-түрік мектеп-интернаттары базасында ағылшын тілін оқыту үшін Жамбыл ЖОО-ның студенттерін ерікті ретінде тарту да жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігі балалардың жазғы демалысын қаржыландыру көлемінің жыл сайын өсіп отырғандығын атап айтты. 2015 жылы жергілікті бюджеттен 243,2 млн теңге, 2016 жылы - 280,9 млн теңге бөлінген. Ал биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 315,2 млн теңге көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар