Жамбыл облысында аудан орталығынан жаңа ХҚКО ғимараты ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Жуалы ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бауыржан Момышұлы атындағы аудан орталығында 2007 жылы ашылған Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты ыңғайсыз әрі тар жерде орналасқан еді, - деді әкімнің орынбасары Б.Орынбеков. - Енді ол Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында «бір терезе» қағидасы бойынша салынған кең әрі ыңғайлы ғимаратқа көшіп отыр. Бұл жердегі айта кететін тағы бір айырмашылық - мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдай жасалған».

Жуалы ауданындағы ХҚКО-ның жаңа ғимаратының аумағы мыңдаған шаршы метрді құрайды. Тұрғындарды қабылдау мүмкіндігі - күніне екі жүз адам. Нысанның жобалық құндылығы 120 миллион теңге, ғимарат заманауи жиһаздармен ұйымдастыру техникаларымен жабдықталған. Жуалы ауданындағы ауыл тұрғындары енді ешқандай кедергісіз құжат алмасып, мекенжай бойынша тіркеліп, жылжымайтын мүлік нысанына меншік құқығын рәсімдей алады.

«731 мемлекеттік қызметтің 190-ын жергілікті атқару органдары ұсынады, оның ішінде 115-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қолжетімді, ал 83-і электрондық үлгіде ұсынылады. Электрондық үлгіде жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызметтердің үлесі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,4 есеге артқан. Ал, мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын қызмет түрлері 1,6 есеге өскен», - деп хабарлады облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Жамбыл облысында қазіргі заманғы талаптарға сай халыққа қызмет көрсету орталықтары 2006 жылдан бастап ашыла бастады. Алғашқы төрт халыққа қызмет көрсету орталығы Таразда пайда болды. Жергілікті және республикалық бюджет ғимараттар мен кеңселердің жөндеу жұмыстарын қаржыландырды, деп атап өтті Б. Орынбеков.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі түсіндіріп өткендей, қазір өңірде 21 ХҚКО мен сервистік орталықтар бар, солардың ішінде 14-і облыстағы аудандарда жұмыс істеп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар