Жамбыл облысында 550 мың гектардан астам жер қайтарылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында пайдаланылмай жатқан құнарлы жерлерді ауылшаруашылық айналымына қайта беру істері жүріп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілішісі.

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметтері бойынша соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан жерлер екі есеге қысқарған: 2009 жылы 141,2 мың га болған қараусыз жер қазір 69,2 мың га төңірегінде. Бір жылда пайда әкелетін ауылшаруашылық жерлері 7 мың гектарға ұлғайған. Бірақ тағы 43 мың гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару қажет. Өңірдегі жер заңын бұзушылық фактілерінің арасында жерді заңсыз пайдалану және жерді пайдалану мақсатын өзгерту жағдайлары көп кездеседі.

Тексерістер 100-ге жуық жер заңдылығын бұзу фактілерін тіркеген, 23 тұлғаға жалпы сомасы 3,5 млн теңге айыппұл салынып, 69 шаруашылыққа пайдаланылмай жатқан жерлерін ауыл шаруашылығы айналымына енгізу міндеттелді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет иелігіне қайтарылуы тиіс, - деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. - Облыста соңғы бес жыл бойы пайдаланылмаған 553 мың гектар ауылшаруашылық жері анықталып, мемлекетке қайтарылды. Соның 182 мың гектары егістік алқабы. Қайтарылған жердің 539 мың гектары экономикалық айналымға беріліп, 295 мың гектар ауылшаруашылық жері аграрлық салаға инвестиция тартуға дайындалды».

Әкім, бұдан тыс, қазіргі кезде кооперациялардың маңыздылығын атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда жалғыз шаруа қаржы жетіспеушілігінің салдарынан өз иелігінде жер болғанмен, оны тиімді пайдалана алмайды. Мұндай жағдайда пайдаланылмай жатқан жыртылатын жерлерді қысқартуға Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, пайдаланылмайтын жерлер төлемінің базалық ставкасын арттыру көмектесуі мүмкін.

Жамбыл облысы 14,4 млн гектар жер қорына ие. Мұның ішінде ауыл шаруашылығына арналған жерлер, елді мекендердің, инфрақұрылым, өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағы, ерекше қорғалатын табиғат аумақтары, орман және су ресурстары жерлері, сондай-ақ мемлекеттік қорлар да бар. Ауылшаруашылық жерлері соның 42,7%-ін немесе 6,1 млн гектарды құрайды.

Соңғы жаңалықтар